Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Украина қамауда отырған Путиннің "өкіл әкесін" тұтқынға түскен 200 сарбазға айырбастады

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейде тұтқынға түскен 215 адамды 55 ресейлік сарбазға және олигарх Виктор Медведчукке айырбастағаны жөнінде мәлімдеді. Ресейліктердің Мәскеу түбіндегі аэродромға келгені туралы Кремль пікір білдірмеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС-ге сілтеме жасап. 

Виктор Медведчук

Ресей 200 әскери тұтқынды берген, олардың қатарында 3 жүкті әйел бар. Ал "Азовстальді” қорғап, кейін тұтқынға түскен 5 командирді Түркияға жеткізген және бұл жақта соғыс аяқталғанша қалуы керек. Бұған дейін Ресей 5 командирді соттап, өлім жазасына кесілуі мүмкін екенін мәлімдеген. 

Сонымен қатар екі ел арасындағы айырбас кезінде 5 британиялық, 2 америкалық азамат босап шықты. Олар Сауд Арабиясына жеткізілген. 

Босап шыққандардың ішіндегі 108 сарбаз – "Азов" тобының мүшелері. Олар Мариупольді және "Азовсталь" зауытын қорғау операцияларына қатысқан. 

Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак 200 украиналық сарбазды тек бір адамға ғана – Виктор Медведчукке айырбастағанын айтты. Соңғы жылдары Медведчук "Өмір үшін – оппозициялық платформасы" партиясын басқарған. Ал 2021 жылы оған мемлекетке сатқындық жасады деген айып тағылды.

Зеленскийдің пайымдауынша, келіссөз кезінде Ресей Медведчуктың бостандығы үшін бастапқыда 50 украиналық сарбазды ұсынған. Алайда кейін олардың саны 200-ге жеткен. Сондай-ақ құқық қорғау органдары тергеу кезінде Медведчуктан барлық қажетті жауаптарды алғанын қосып өтті.  

2022 жылдың сәуірінде Зеленский Медведчукты тұтқынға түскен ресейлік сарбаздарға айырбастауды ұсынған еді. Украина қауіпсіздік қызметі түсірген видеода Медведчуктің өзі де сөз сөйлеген. Алайда Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков әзірге "мұндай әңгіменің қозғалмағанын" айтты. 

Украинаның 5 командирі үшін Ресейдің 55 сарбазы босатылды

Зеленский өз сөзінде айырбас кезінде босап шыққан 5 аға командир туралы айтты. Әрі командирлерді "батырлар" деп атады. Олардың қатарында "Азов" тобының командирі Денис Прокопенко, теңіз жаяу әскері 36-жеке бригадасының командирі Сергей Волынский, “Азов” мүшелері Святослав Паламарь мен Олег Хоменко, Евгений Бова бар. 

Командирлерді Украинаға қайтару үшін Ресейге 55 әскери тұтқын берілді. Ермактың сөзінше, “бұл тұтқындардың Киев үшін еш маңызы болмаған”.

Талқылау