"Ертең үлкен проблемаға айналады": Ақтөбеде дауға айналған шошқа фермасының иесі үн қатты
Ақтөбеде дауға айналған шошқа фермасының иесі Гайк Тертерян Қазақстанға Армениядан бейнежазба арқылы сәлем жолдады. Ол өзінің қожалығында санитарлық талаптар мүлдем сақталмады дегенге сенбейтінін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Екі ай бұрын Арменияға сапармен кеткен кәсіпкер әуе қатынасының жоқтығынан елге орала алмай отыр.
Кәсіпкер тұрғындар жабылуын талап еткен ферманың заманауи техникамен жабдықталғанын, ал жылына Алға ауданының бюджетіне миллиондап салық құйып отырғанын айтады.
Бірақ үкімет тұрғындар талабын орындау үшін Бестамақтағы шошқа фермасын жабу туралы шешім шығарса, қарсылық танытпайтынын да мәлімдеді.
Айта кетейік, Ақтөбе облысындағы бұл қожалыққа қатысты наразылық бірнеше күнге жалғасқан еді. Қазір Ақтөбенің билігі кәсіпкерге екі: ферманы толық жабу немесе шошқа орнына басқа мал өсіру туралы талабын қойды. Дегенмен Гайк Тертерян торайларды жаппай қыру қауіпті екенін айтты.
"Үкімет ферманы қазір жап десе жауып тастаймын. Бірақ ол тез шешілетін шаруа емес. Уақыт керек. Екі жыл әлі несие төлеуіміз қажет. Су мен жем бермей бүгін-ертең қырып таста десе, артынша індет тарауы мүмкін. Ол да қауіпті", - деді "Парижская коммуна" ЖШС құрылтайшысы Гайк Тертерян.