Тұрмысы төмен отбасылардың несиелерін кешіру акциясы қайта өткізіледі ме
Тұрмысы төмен азаматтардың несиесін кешіру қайтадан өткізілмейді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы ҚР президенті әкiмшiлiгi өтiнiштердi қарауды бақылау бөлiмiнің хабарламасында көрсетіліпті.
«ҚР Президенті Әкiмшiлiгi өтiнiштердi қарауды бақылау бөліміне арызданушылардан өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар үшін несие бойынша борыш жүктемесін төмендету туралы сұрақтар түсіп жатыр. Осыған орай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл шара бірреттік тәртіппен жүргізілгендігін хабарлаймыз», - делінген ресми ақпаратта.
Аталған акция екінші деңгейлі банктер мен шағын қаржы ұйымдары кепілдіксіз тұтынушылық несиелері бойынша есептелген айыппұлдар мен өсімпұлдарды есептен шығару туралы шешім қабылданған қазақстандықтарға қатысты болды.
Сонымен қатар өмірлік қиын жағдайда қалған қазақстандықтар, атап айтқанда, көпбалалы отбасылар; асыраушысынан айрылу жағдайына байланысты төлем алатын отбасылар; 18 жастан асқан бала жасынан мүгедектер бар отбасылар; атаулы мемлекеттік әлеуметтік көмек алатындар; жетім балалар; 2019 жылғы 26 маусымдағы жағдай бойынша ата-анасынан кәмелеттік жасқа дейін айырылған, 29 жасқа толмаған, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға акцияға қатысу мүмкіндігі берілді. Бір қарыз алушыға негізгі борышы мен оған есептелген сыйақыдан тұратын өтелетін берешегінің мөлшері 300 000 теңгеден аспайтын болса, оларды өтеу жолымен көмектесуге шешім қабылданды. Бұл ретте кепілсіз тұтынушылық қарыздары бойынша қарыз алушылардың жалпы берешегі 2019 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 3 млн теңгеден аспауы тиіс.
«Бұл акция 2019 жылы аяқталды. Оның қорытындысында жалпы сомасы 115 млрд теңгені құрайтын 554 мың азаматтың кепілсіз тұтынушылық несиелері бойынша борыштар есептен шығарылды. Таяу уақытта бұл акцияны қайталау жоспарланып отырған жоқ», - деп көрсетілген әкімшілік мәлімдемесінде.
Оралда егіз қыздардың мүгедек әкесі аштық жариялаған болатын. Оның сөзіне сүйенсек, ер азаматтың отбасы барлық талаптарға сай келсе де, несиесі өтелгендердің тізіміне ене алмай қалған.