Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұнып тұрған антисанитария": Шығыс Қазақстандағы танымал саяжай қоқысқа батып жатыр

Еліміздің шығысында туристік орталыққа айналғалы отырған Жаңа Бұқтырма ауылын қоқыс басып жатыр. Қалдықтарды шығаратын компания жұмысын әлдеқашан тоқтатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Қазір демалушылардың келуіне дайындық ретінде ауылда абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алайда туристік орталық келушілердің көңілінен шығу үшін үлкен әрі қажырлы жұмыс істеу керек. Себебі қоқыс контейнерлері мен қоғамдық дәретхананың кіреберісінде қоқыс үйіліп жатыр. Тұрғындардың айтуынша, мұнда қоқыс шығару өзекті мәселеге айналғалы екі жылдың жүзі болды. Күн ысығалы қоқыстың иісі тіпті, адам төзгісіз. 

“Қоқыс үйінділері толып жатыр. Тұнып тұрған антисанитария. Ал жазда туристер демалатын жағажайды қоқыстан тазалайды. Соған қарағанда келушілер үшін ол жақ қымбатқа түсетін сияқты. Ал біз тұншығып жүреміз”, – дейді ауыл тұрғыны Галина Бадьина.

“Қоқысты тазаламағанына үш аптадан асты. Мәселенің неде екенін түсіне алмай-ақ қойдым. Мұндай жағдай бізде ғана емес. Басқа қоқыс жәшіктері де дәл осылай толып тұр”, – дейді Жаңа Бұқтырма ауылының тұрғыны Марина Грищенко. 

Ауыл әкімінің айтуынша, қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен жекеменшік компания айналысады. Оларға айыппұл салынды. Қазір оның орнына басқасын іздеп жатыр. 

“Бұл компанияның жабдықтары ескірген әрі үнемі бұзылады. Мәселе осыда. Қазір 29 мамырда жаңа мердігерді анықтауға конкурс жарияладық”, – дейді ауыл әкімі Нұржан Қанапин.

Әкімнің айтуынша, қоқыс жергілікті тұрғындар тастаған қалдықтардан ғана емес, демалыс орындарындағы қалдықтардан да жиналады. Сондықтан олар аумақтан тыс жерде қоқыс жинайтын бөлек алаңдар құруды жоспарлап отыр. Шығыс Қазақстан облысында туристік маусым басталып, демалушылардың алғашқы легі келіп жатыр. Биыл облыста 6 коммуналдық жағажай болады. Оларды айдың ортасына дейін ашу жоспарланып отыр.

Талқылау