Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада Ақмола облысының креатив жәрмеңкесі өтуде

Ақмола облысы жәрмеңке
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысқан көрменің ашылуында өңірдің шығармашылық, мәдени және инновациялық жобалары таныстырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында басталған іс-шараның мақсаты – өңірдің шығармашылық әлеуетін таныстырып, жергілікті брендтер мен креативті индустрияны дамытуға қолдау көрсету.

Бұл жоба Ақмола облысының мәдени, туристік және инновациялық әлеуетін танытып, кеңінен насихаттайтын бірден-бір мүмкіндік.

Ақмола облысы жәрмеңке
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Мұнда көрмелер, шеберлік сабақтары, шығармашылық кездесулер және мәдени іс-шаралар өтуде. Қонақтардың қыш өнері, құрақ құрау, сүйек өңдеу, жүн басу, ұлттық музыкалық аспаптар мен қолөнер бұйымдарын жасау бойынша шеберлерден сабақ алуына жағдай жасалған.

Ақмола облысы жәрмеңке (3)
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

13-14 маусым аралығында келушілер ұлттық мәдениетті заманауи форматта дәріптейтін "Тұмар" нео-этно тобы өнерін тамашалап, "Акай" сән үйінің жетекшісі Ғалия Алдабергенованың этно-брошь жасау шеберлік сабағына, суретші Дамир Мағзұмовтың "Заманауи авторлық графика" тақырыбындағы дәрісіне және Назым Қапанқызының көрпе, жастық пен құрақ жасау шеберлік сағаттарына қатыса алады.

Ақмола облысы жәрмеңке (4)
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

"ГРАНАТ" авторлық мектебінің жетекшісі Анар Сатыбаева қыш өнерінен, былғары шебері Жанболат Ұлықпан құйма құю технологиясынан, ал Суретшілер одағының мүшесі Наталья Булгакова бейнелеу өнері бағытында шеберлік сабақтарын өткізеді.

Бағдарлама аясында этно-шебер Гүлнар Орынбаеваның ұршық үйіру, Айдана Ақатованың ағаш пен темірден этно-брошь жасау, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Кәрім Бектастың сүйек өңдеу өнері, Рауза Мажикованың жүнді құрғақ басу, Нұржан Ділмановтың ұлттық музыкалық аспаптар жасау және Жұлдызай Бабасованың аяқкиім дайындау бойынша шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Ақмола облысы жәрмеңке (2
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Сонымен қатар IT, media, game development, робототехника, жасанды интеллект және ішкі туризм бағытындағы стартаптар таныстырылады.

Ақмола облысы жәрмеңке (2
Фото: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі

Зергерлік өнер, қолөнер, ұлттық музыкалық аспаптар жасау, дизайн, fashion-индустрия, IT және digital жобалар қарқынды дамып келе жатқан Ақмола облысында креативті индустрия саласында 1000-нан астам нысан жұмыс істейді.

Автор: Мәди Манатбек

Stan.kz
Сенбі, 13 Маусым, 2026 21:41