Түркияда үш қабатты үй опырылып құлап, үйінді арасынан адамдар іздестіріліп жатыр (видео)
Түркияның орталығындағы Кония провинциясында үш қабатты тұрғын үй опырылып құлады. Құтқарушылар үйінді астынан адамдарды іздеп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі TRT Haber арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Селжүклі ауданындағы Бейшехир көшесіндегі ғимараттың опырылғанын оқиға куәгерлері хабарлаған. Оқиға орнына Табиғи апаттарды басқару агенттігі, төтенше жағдайлар қызметі мен полиция өкілдері жөнелтілді.
Ғимаратта адамдар болуы мүмкін деген ақпаратқа байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары басталды.
Оқиға орнында болған Кония губернаторы Ибрагим Акынный айтуынша, құтқару қызметі үй қирандыларының астында қалған тұрғындарды іздестіріп жатыр.
"Ғимараттан шыққан екі адамның айтуынша, олардың бес туысы үйінді астында жатыр", – деді ол.
Билік мәліметінше, төтенше жағдай орнында 200 адам жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта үшінші адам үйінді астынан аман-есен шығарылды.
Кония прокуратурасының оқиғаға байланысты тергеуді бастағаны хабарланды.
Көпқабатты үйдің қираған сәті видеоға түсіп қалған.
Айта кетейік, бұған дейін Сейсенбі түні Түркияның Болу провинциясындағы Карталкая тау шаңғысы курортындағы қонақүйде өрт шыққан еді. Салдарынан 76 адам қаза тапқан.