Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Түркия президенті Ердоған елдегі жаппай наразылықтарға қатысты мәлімдеме жасады

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұл мэрінің қамауға алынуына байланысты елдегі жаппай наразылықтардан кейін алғашқы мәлімдемесін жасады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Коллаж Stan.kz

Өз мәлімдемесінде Ердоған оппозициялық партияның полиция мен сот жүйесіне саяси қысым көрсетіп жатқанын айтты.

"Жеке біздің, Әділет және даму партиясының (Ak Parti) дауласуға уақыт жоқ. Біз тек өз ісімізге, мәселелерді шешуге және мақсаттарымызға назар аударамыз. Оппозиция өздерінің ішкі тартыстары немесе заң мәселелерін елдің ең маңызды мәселесі ретінде көрсетуде", — деді Ердоған. 


Ыстамбұл мэрі қамауға алынған соң түрік лирасының бағамы рекордтық деңгейде құлдырады


Айта кетейік, Түркияда қаладағы демонстрациялар мен жолдардың жабылуына қарамастан наразылықтар басылмай жатыр. Он мыңдаған адам Ыстамбұл қалалық әкімшілік ғимаратының алдында қайта жиналып, қала мэрі, президент Режеп Тайып Ердоғанның танымал қарсыласы Экрем Имамоглуның қамауға алынуына қарсы наразылық білдірді.

Наразылық шерулері Ыстамбұл, Анкара, Измир секілді үлкен қалалармен қатар Трабзон, Адана, Анталия, Кония, Күтахя, Сакария сияқты елдің басқа қалаларында басталған. Шерушілер үкімет пен президент Ердоғанның отставкаға кетуін талап етуде. 

Түркия астанасы Анкараның мэрі Мансур Яваш әріптесі Экрем Имамоглуны қолдау үшін Ыстамбұл қалалық әкімдігі ғимаратының алдында өткен наразылық акцияларына қатысты. Ыстамбұлдағы наразылық акциясына сондай-ақ Республикалық халық партиясының төрағасы Өзгүр Өзел де қатысты. 

Еске салсақ, бұған дейін Түркияда Ыстамбұл қаласының мэрі Экрем Имамоглуның қамауға алынуына байланысты жаппай наразылық шерулері басталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Жұма, 21 Наурыз, 2025 11:39
Талқылау