Түркістанда өзін "антикор" қызметкері ретінде таныстырған алаяқтар медицина ұйымынан 15 млн теңге талап еткен
Түркістан облысында өзін қаржы мониторингі агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған екі адам медициналық ұйым басшысын қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып, одан 15 миллион теңге талап еткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Агенттіктің мәліметінше, алаяқтар медицина мекемесінде заңбұзушылықтар анықталғанын айтып, басшыны қылмыстық жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқан. Сонымен қатар ақша берген жағдайда жауапкершіліктен босатуға уәде еткен.
Олар медициналық ұйым басшысынан 15 миллион теңге алуға тырысқан. Алдымен 5 миллион теңгені алғаннан кейін қалған 10 миллион теңгені талап еткен.
8 тамызда күдіктілер Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері мен қаржы мониторингі агенттігінің өзіндік қауіпсіздік департаменті бірлескен операциясы барысында қылмыс үстінде ұсталды.

Сот күдіктілерді қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Қазір тергеу жалғасып жатыр.
Агенттіктің азаматтарды сақ болуға шақырды. Агенттік жауапкершілікке тартамыз деп қорқытып немесе жазадан құтқаруға уәде беріп, ақша талап ету заңсыз екенін ескертті.
Мұндай жағдайларға тап болған азаматтар агенттіктің 1458 Call-орталығына хабарласа алады.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда блогерлер ақша бопсалап, 10 миллион теңге алып жатқан жерінде ұсталған еді. Кейіннен ұсталған блогер Дамир Көшеевпен және Руслан Каримов туралы және олардың қандай контент түсіргені жайлы жаздық. Іс бірнеше жыл бұрын кәсіпкерлер арасындағы қаржылық даудан басталған. Тергеу нұсқасы бойынша, блогерлер Дамир Күшеев пен Руслан Каримов кәсіпкер Бахтияр Блаевтан ақша бопсалаған. Блогерлер бұл айыпты жоққа шығарып, оқиғаны тек журналистік мақсатта түсіргендерін айтқан. 19 ақпанда алқабилер соты екеуін де кінәлі деп танып, 9 жылға бас бостандығынан айырды.