Түркістан облысында селфиге түсемін деп суға кеткен 16 жастағы қыздың туыстары іздеу жұмыстарына шағымданды
Бойжеткеннің ата-анасы құтқарушылардың жұмысына көңілі толмайтынын мәлімдеді. Сөздерінше, алғашқы екі күні бар болғаны 6 маман келген. Істері өнбегесін әулетімізбен өзіміз де жиналып іздеп жатырмыз дейді жоғалған қыздың туыстары. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Құтқарушыларды бүгін Шымкенттен алдырдық. Түркістанның да мамандарын жіберуге болмай ма? Түркістаннан адам шақырмаймыз дейді. Шымкентте бір-ақ машина жіберіпті. Бір машина алты адам. Ол не болады? Не істей алады алты адам? Үшінші күнге кетіп бара жатыр. Өзіміз де бүкіл ағайын-туысымызбен кірістік. Шаршадық", – дейді жоғалған қыздың туысы Жәмила Әтеева.
Қайғылы жағдай 28 шілде күні таңғы 9:30 шамасында болған. "Сайрам-Өгем Ұлттық паркіне" достарымен қыдырып келген Ақерке Сұлтанбек тас үстінде фотоға түскен. Қасында тағы бір жігіт болған. Сол кезде қыздың аяғы тайып, басы тасқа ұрылған депті куәгерлер.
"Бала да бірге қол ұстасып түсіп кеткен деді. Баланың көретін жарығы бар шығар. Біраз жерге ағып кетіп, есімді жинап шықтым дейді. Талдан ұстап қалған екен. Қыз сол күйі ағып кеткен. Көргендер тек қолын көтерді деп айтты", – деді Ақеркенің анасы Қамажай Шортанова.
Селфиге түсемін деп суға батып кеткен Ақерке – үйде 6 перзенттің ортаншысы. Өзінен үлкен ағасы мен әпкесі бар. Он биыл 1-сыныпқа аяқ басқалы тұрған оқушы нағашыларына қыдырып барып, әрі қарай достарымен Қасқасу ауданына барған. Соңғы сапардан анасы бейхабар болдым дейді. Әкесінің II-топ мүгедектігі бар. Ал төтенше жағдай қызметкерлері іздеу жұмысы бір аптадан бір айға жалғасуы мүмкін екенін де жасырмады. Өйткені Қасқасудағы өзеннің су ағысы баяу емес.
"Іздестіру-құтқару жұмысына Түркістан облысы ТЖД 54 қызметкер, 1 жүзу құралы және 4 бірлік техника, Түркістан облысы ПД 6 қызметкер және 3 бірлік техника, жергілікті атқарушы органдар 11 қызметкер жұмылдырды", – дейді Түркістан облысы ТЖД.
Бұл іске қатысты әзірге ешқандай қылмыстық іс қозғалған жоқ. Осылай деген Түркістан облысының полиция департаменті жоғалған қыздан хабар болғанда ғана тергеу басталатынын мәлімдеді.