Түркістан облысында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері уланып қалды
Түркістан облысының Сарыағаш ауданында бір мектептің оқушылары мен мұғалімдері жаппай уланып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Оқыс оқиға Сарыағаш ауданына қарасты Ынтымақ ауылында болған. Сенбі күні Майлықожа атындағы №9 мектепте жоспардан тыс әктеп-сырлау жұмыстары жүргізіліп, оған мұғалімдер мен кіші қызметкерлер шақырылған.
Ал дүйсенбі күні сабаққа келген оқушылардың бірінен соң бірінің басы ауырып, өткір иіске уланып қалды. Отызға жуық оқушы мен тоғыз мұғалім ауруханаға жеткізілді. Оларға алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, үйлеріне қайтарылған.
Мектепте оқу үш күн онлайнға ауыстырылып, оқиғаға байланысты тексеріс басталды.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысы Қазығұрт ауданының мұғалімдері мектепке бұрынғы директордың қайта оралуына қарсы болғаны туралы жазған едік. Мұғалімдердің айтуынша, білім ошағының 50 жастағы экс-басшысы жас мұғалімдерге қырындап, маза бермеген.