Түркістан облысында бес мектептің оқушылары жылу қосылмаған сыныптарда оқып келген
Түркістан облысы Жетісай ауданында бес мектептің оқушылары жылуы жоқ мектептерде сабақ өтіп келген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Прокуратура жүргізген тексеру барысында мектептерге жылу маусымы басталғанда көмірге қаражат бөлінбегені анықталды. Желтоқсан мен қаңтар айларында болған қатты аязда мектеп оқушылары басқа мектептерге ауысуға мәжбүр болған.
Жылу саласының қызметкерлері мектепті газбен жылыту жоспарланған деп түсіндірді. Алайда құжаттардың уақытылы жасалмағандығынан білім ошақтары газ бен көмірсіз қалған.
"Жетісай аудандық адами даму бөлімінің қызметкерлері, экономистер мен есепшілері тәртіптік жауапкершілікке тартылды", - деді Жетісай ауданы прокурорының орынбасары Рысбек Ерназаров.
Өңірдегі суықтың салдарынан кейбір мектептердегі көмір қоры тез таусыла бастаған. Құқық қорғау органдарының араласуынан кейін қосымша қаражат бөлініп, жағдай тұрақталды.
"Қазіргі уақытта барлық кемшіліктер жойылды, бүгінгі таңда бес мектеп түгелдей жылумен қамтамасыз етілген", - деп хабарлады прокуратура.