Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында егілген бананның алғашқы жемісі жиналды

Түркістан облысында банан өсіріліп, алғашқы жемісі пісе бастаған. Отандық өнім базар мен дүкен сөрелеріне келесі аптадан бастап қойылмақ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтарына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда алғаш рет өскен тропикалық жеміс әзірге Алматы мен Шымкент қаласында сатылады деп жоспарланған. 

Сайрам ауданындағы жылыжайда өсірілген бананның алғашқы легі пісіп, жинау науқаны басталды. Тоғыз ай бойы өскен ағаштың бір түбінде қырық келі жеміс болады екен. Оны бірден кесіп, жұмсақ жерге қою керек. Содан кейін түбірімен іліп, бума-бума банан суға салынады. Жұмысшылар бұл технологияны Түркиядан келген мамандардан үйрендік дейді. 

"Бұл бұрын біздің Қазақстанда ешқашан болмаған өнім. Сол себепті көрейік, үйренейік деген қызығушылық болды. Түркиядан мамандар келіп, үйретті. Қалай баптау керек екенін көрсетіп берді", – дейді Бақыт Заманханұлы. 

Терілген бананды бірден жеуге болмайды. Оны арнайы тоңазытқышта бір аптадай сақтау керек. Осылай деген кәсіп иесі жемістің импорттық өнімнен тәттірек екеніне сенімді. Бағасы да арзан болады деп отыр. Айта кетейік, тропикалық жеміс әзірге тек Алматы мен Шымкент қаласында сатылмақ. 

"5 гектарда 9 мың түп банан бар. Бірінші өнімге 600 тонна алайық деп тұрмыз. Алғаш егілгендеріне 9 ай, қалғандарына  5-6 ай болды. 3-4 айдан кейін одан да өнім аламыз. Кейін әрі қарай жылына 2-3 ретке дейін өнім аламыз. Бабын тапсақ, екі мың тоннаға дейін өнім алуға болады екен", – дейді кәсіпкер Ислам Әлиев. 

Жылыжай иесі болашақта авокадо сияқты экзотикалық өнім шығаруды да жоспарлап отыр. 

Айта кетейік, банан жемісі Қазақстанда алғаш рет өсірілді. Отандық өнім келесі аптадан бастап екі мегаполистің базарларына сатылымға шығады.

Талқылау