Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 8 жасар бала арыққа түсіп, бес күннен бері табылмай жатыр

Жаннұр

Фото: Жақындарының архиві

Түркістан облысында 8 жасар Жаннұр Тұрсынбек бес күн бұрын суға кеткен. Содан бері балақай әлі күнге дейін табылар емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.   

Абай ауылында 23 наурыз 2-сынып оқушысы арыққа аяқ киімін түсіріп алып соңынан жүгірген екен. Ақыры тайып құлап, Келес өзеніне ағып кеткен. Оны өзімен бірге ойнап жүрген балалар көріпті. Ауыл халқы арықтың тым төмен салынғанына ашынады. Егер ол биік орналасқанда, қайғылы жағдай болмас еді дейді.

"Мына жерде балалар ойнайды. Сым да жоқ, ескерту белгісі де жоқ. Інім мына жерде сым болғанда сол сымға ілініп, аман қалар ма еді деген сұрақпен отырмыз . Аудандық әкім “өзіміз бітіреміз” деп, Шымкент қалалық ТЖД жұмысшыларына өтініш беруге қарсы болды. Бір жағынан баланың үш күнде өті жарылып, су бетіне шығады деген сылтаумен іздестіру жұмыстары өте немқұрайлы жүріп жатыр", – дейді Жаннұрдың әпкесі Әсел Бердібай. 

Құтқарушылар Келес өзенінің бойын іздестіруде. 

"Түркістан облысы Келес ауданында төтенше жағдай департаменті құтқарушылары, полиция департаментінің өкілдері және ауыл тұрғындарымен бірлескен іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Келес өзеніне батып кеткен 2018 жылғы баланы іздеуге барлығы 120 адам қатысты. Сондай-ақ қолданыста 15 техника, 2 қайық пен 2 ұшатын аппарат бар. Балаларыңызды көзден таса жібермей, қауіпсіздік шарасын сақтауды сұраймыз", – деді Түркістан облысы ТЖД бастығының орынбасары. 
Қырмызы Скендирова
Сенбі, 28 Наурыз, 2026 12:45