"Курьерлер тротуарда жүреді": Бектенов тұрғындардың шағымына байланысты Ішкі істер министріне тапсырма берді

Премьер-министр Олжас Бектенов құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі жиында көше мен интернеттегі қауіпсіздік мәселелерін көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Талқылау барысында самокаттар, электрлі велосипедтер мен мопедтерге қатысты жағдай қаралды. Үкімет басшысы олардың реттелуіне қатысты сұрақ қойды.
“Самокаттарға қатысты мәселені шешіп жатырмыз. Ал электрлі велосипедтер мен мопедтердің жағдайы қалай?”, – деді Олжас Бектенов.
Ішкі істер министрі Ержан Саденов электрлі велосипедтер мопедтерге теңестірілетінін хабарлады.
“Қазір оларға мопедтерге қойылатын талаптар қолданылады. Бұл жүруге рұқсат етілген орындар мен жүргізуші куәлігінің міндетті болуына қатысты. Мәселе заңнамалық тұрғыда толық реттелген”, – деді министр.
Премьер-министр азаматтар тарапынан айтылған сын-ескертпелерге де назар аударды.
“Әсіресе тротуармен жүретін курьерлерге қатысты шағым көп түсіп жатыр. Бұл мәселені ретке келтіру қажет”, – деді ол.
Отырыстың бір бөлігі интернет-алаяқтыққа арналды. Олжас Бектенов бұл бағытта қарсы іс-қимылды күшейту керегін айтты.
“Киберқылмыскерлер көбіне заманауи цифрлық технологияларды пайдаланып отыр. Интернет-алаяқтыққа қарсы тиімді шаралар қажет. Ішкі істер министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтық транзакцияларды бұғаттау тетіктері бойынша қосымша ұсыныстар енгізуді тапсырамын. Оған қоса жалған колл-орталықтарды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен банктер арасындағы дерек алмасуды жетілдіру қажет. Сонымен қатар “Цифрлық полицей” жобасын жеделдетіп, киберволонтерлік тәжірибені кеңейтіп, кадр даярлауды күшейту қажет”, – деді премьер-министр.
Еуропа кеңесінің компьютерлік қылмыстар туралы конвенциясын ратификациялау жөніндегі заң жобасын келісу жұмыстарын қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда такси жүргізушілері мен курьерлерге сағаттық төлем енгізу ұсынылғаны туралы жазған едік.
Қазақстанда декрет төлемдері неге кешігеді және мемлекетте шынымен қаржы жетпей ме?
Оқыңыз