Түркістан облысында салмағы 6 келі қыз нәресте дүниеге келді
12 маусымда Түркістан облысының тұрғыны 6 келі тартатын қыз баланы дүниеге әкелді. Кесарь тілігімен босанған 30 жасар ананың жағдайы отадан кейін ауыр болған. Дәрігерлер жасаған тиісті ем-шаралардан кейін қазір ананың жағдайы жақсарған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Қазіргі таңда баланың да дені сау, жағдайы жақсы. Салаға жауаптылар соңғы кездері нәрестелердің артық салмақпен туылу жағдайлары жиілегенін жасырмайды. Жыл басынан бері бұл осынша салмақта туылған екінші нәресте. Мұны мамандар халық арасында қант диабеті сырқатының жиілеуімен байланыстырады.
"Сәбидің әкесі қант диабетімен ауырады. Мұндай нәрестелер қауіпті топқа жатқызылады. Сондықтан олар үнемі дәрігерлер бақылауында болуы тиіс. Ағзадағы глюкоза деңгейі ұдайы тексеріліп отыруы қажет. Мұндай сәбилердің көп уақытқа дейін тек емшек сүтімен тамақтануы маңызды. Әзірге балада қант мөлшері қалыпты" - дейді Гүлмира Сапиева Түркістан облыстық 2-перинаталдық орталығының бөлім меңгерушісі.
Сондай-ақ мамандар салмақты сәбилерде асқазаннан қан кету жағдайлары да кездесуі мүмкін екенін жасырмайды.
Айта кетейік, осыған дейін облыста 6, 300 грам болып туған қыз баланың жағдайы қазір жақсы дейді мамандар.