Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында 12 компания мен оның жұмысшылары 2 жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр

Түркістан облысында жұмысшылар 2 жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүргендерін айтып, наразы. 12 компания мен оның жұмысшылары жауаптылардың есігін тоздырған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Киелі шаһардың жолын төсеп, аялдамасын салып, жолағын жаңартқандардың өзі қазір миллиондаған қарызға батқан. 12 компания мен оның жұмысшылары жауаптылардың есігін тоздырған. Бірақ бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашып отыр екен.

Екі жыл бұрын "Базис-А" корпорациясының Түркістан қалалық филиалынан Константин Муханов деген бірнеше мекемесі бар адам жұмыс алады. Сәйкесінше оны 12 жеке кәсіпкерге таратып, келісімшартқа отырған. Алайда кішігірім компания өкілдері жұмыстарын тиянақты орындап тапсырғанымен, әлі күнге дейін қаражаттары берілмеген. 

“Біз жол салдық, жолды қаздық, экскаватормен. 8-9 ай болды жалақымызды қысқартып қысқартып, 200-500 мың теңге берді. Ал біз жұмысты істеткен адамдарға да еңбегін төлеуміз керек”,- деді  жұмысшы Ақынғали Мырзағалиев.

Тұрғындар жалақыдан бөлек несиелерін төлей алмай қиналып жатқандарын айтады. Тіпті алған жұмыстарының салығын да жаба алмай жүр екен. 

Дәл қазіргі жағдайда тапсырыс берушінің 12 компанияға берешегі бар.

“Үш жылдан бері жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашында ақшамызды төледі. Кейін мүлде төлемей кетті. Өткенде шулап ақшамызды берулерін талап еткенбіз. "Базис-А" корпорациясының директоры Алтай мырза шақырып, 20 күннің ішінде құжаттарды реттесеңіздер, ақшаларыңызды түсіріп береміз деді. 20 күннен асып кетті әлі ақшамызды бермеді. Тіпті бермей қала ма деп қорқып отырмыз”, – деді Фариджан Тұрақанов.

Ал компания басшысы тұрғындардың егер құжаттар мен дәлелдемелері болса, сотқа бере алатынын алға тартты.

“Біз оларға жылжымайтын мүлік ұсындық. Әрімен қарай жұмыс істеп азын-аулақ ақша алып ортыруды да айттым. Дәл қазір мен ақша бере бере алмаймын”,- деді  Константин Муканов.

Талқылау