Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түнгі 12-ге дейін жұмыс істеймін: Роза Рымбаева 200 доллар зейнетақы алатынын айтты

Қазақстандық эстрада әншісі Роза Рымбаева өзінің жалақысы, зейнетақысы, мүлкі жайлы ашық айтты. Сондай-ақ күнделікті өмірін қалай өткізетінін баяндады.

Халық әртісі Роза Рымбаева ресейлік «Собеседник» газетіне сұхбат берді.

Роза Қуанышқызының айтуынша, оның алатын ақшасы бірінші эшелондағы ресейлік және еуропалық жұлдыздардың жалақысымен салыстыруға келмейді.

«Мен ақша табудан гөрі шығармашылыққа, балалар мен шәкірттерді тәрбиелеуге көп уақыт бөлер едім. Бірақ жұмыс істеу керек. Ақша күнделікті өмірге ғана емес, ең алдымен костюмдерге, музыканттарға, дайындық жасау үшін ғимараттарды жалға алуға қажет», - дейді әнші.

Рымбаева өзінде ешқандай яхта, зәулім үй, лимузині жоқ екенін айтты. Тек бірнеше жыл бұрын ол шағын джип көлігі мен жүргізуші куәлігін алған. Оған дейін әнші таксимен немесе достарының көлігімен жүруге мәжбүр болған.

Әншінің айтуынша, оның зейнетақысы 200 доллар. Бірақ одан басқа атақтар үшін қосымша төлемдер алады. Роза Қуанышқызы Қазақстанның Еңбек Ері, Алматы қаласының Құрметті азаматы, Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы атақтарына ие.

Сонымен қатар, Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген әртісінің көптеген медальдары мен ордендері бар.

Әнші шенеуніктермен жиі кездесетінін айтты.

«Мен президенттермен немесе министрлермен шай ішпеймін, бірақ біз жиі сөйлесеміз - мен үлкен үкіметтік концерттерге қатысамын. Менің ойымша, олар мені сыйлайды», - дейді ол.

Атақты әнші өзінің күнделікті өмірі қалай өтіп жатқанын баяндады.

«Мен таңертең сағат жетіде тұрамын, үйіме, балаларыма қараймын. Шығармашылықпен айналысамын. Студияда жазбалар, қойылымдар, түсірілім жасаймыз. Мен Өнер академиясында сабақ беремін. Күні бойы тік тұрып жұмыс істеймін. Түнгі он екіде жұмысты аяқтаймын. Әрине, мен де шаршаймын, бірақ бұл әрдайым формада болуға көмектеседі», - дейді Роза Қуанышқызы.

Талқылау