Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Төрт жыл бойы бала сүйе алмай жүрдік": Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны атанған сәбилердің ата-анасы әсерімен бөлісті

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқының саны 20 миллионға жеткенін қуана хабарлады. 20 миллионыншы тұрғындар 14 қараша күні таңертең 08:10-да дүниеге келген Атырау, Ақмола, Түркістан, Ұлытау және Жетісу облыстарында дүниеге келген 5 нәресте екені белгілі болды. Stan.kz тілшісі сәбилердің ата-анасымен сөйлесіп, олардың қазіргі жағдайын сұрап білді. 

20 миллионыншы қазақстандықтың бірі Жетісу облысында туылды

14 қараша күні дүниеге келген Айсұлтан –  Сәбденбайлар отбасының төртінші ұлы. Олардың 20 миллионыншы атанған сәбиден бөлек үш баласы бар. Анасы Диана Әзімбаева, әкесі Мұхтар Әзімбаев.

Фото: Жетісу облысының әкімдігі

"Талдықорған қаласындағы № 21751 әскери бөлімінде жақын аймақтағы ұшу басшысы болып қызмет етемін. Өзім Шымкент өңіріненмін, осы әскери жұмысыма байланысты Жетісу жеріне тұрақтадым. Талдықорған әскери бөлімінде қызмет етіп келе жатқаныма он жылдан асты. Осы өңірде шаңырақ көтердім, балаларым осында өмірге келді”, – дейді Айсұлтанның әкесі. 

Ол әйелімен 2015 жылы отау құрған. Бірінші қызы Айзере 2016 жылы, одан кейін 2018 және 2020 жылдары қос ұлы дүниеге келген. 

“Төртіншісі – Айсұлтан. Жолдасым екеуміз көпбалалы ата-ана болатынымызға қуанып, әсерлі сезімде жүрген едік.Таңертең жарым перзентханадан хабарласып, сүйінші хабарды айтты. Қазірге дейін перзентханада болдым. Қала, облыс әкімі құттықтап, мемлекет басшысының атынан сыйлықтар берілді. Айсұлтанымызға 2 миллион теңгенің сертификаты берілді. Оны жолдасым екеуміз үй алуға жұмсасақ деп отырмыз. Айсұлтан есімін айлардың сұлтаны болсын, еліне, халқына қызмет етсін деген ниетпен қойдым", - деді Айсұлтанның әкесі. 

Ал ақмолалық Ясина есімді 20 миллионыншы қыз –  Айдос Есеновтің отбасындағы екінші бала. Тұңғышы ұл, екіншісі қыз бала дүниеге келді.

Фото: Ақмола облысының әкімдігі

“Әрине, басында сенбедім. Қатты таң қалдық. Қуанышты сезім әрине. Мақтанышпен айта аламын. Жолдасым бастауыш сынып мұғалімі, ал мен тау-кен инженері болып жұмыс істеймін. Бурабай ауданы, Жасыл ауылында тұрамыз. Дәл қазір лоторея ұтып алғандай сезімде тұрмын. Қуаныштан айтарға сөз таппай отырмын”, – деді Айдар Есенов. 

Ал Ұлытау облысынан дүниеге келген 20 миллионыншы қазақстандық –  Томирис Сұңғатқызы. Қыздың анасы Айгерім Молдашова ішкі сезімі мен әсерін жеткізді. 

“Қызымды 14 қараша күні таңғы 8:10-да дүниеге алып келдім. Әкесі Сейтжан Сұңғат Серіктес апаттық-құтқару қызметінде өрт сөндіруші болып жұмыс істейді. Өткен жылы отау құрдық. Томирис тұңғышымыз. Бізге 2 миллион теңгенің сертификатын табыстап кетті. Қазақмыс ұжымы 1 миллион теңге беріп, қаржылай құттықтады. Президент Томиристі керекті жарақтарымен қамтамасыз етті. Жалпы барша құттықтаушыларға алғысым шексіз”, – деді Айгерім. 

Еліміздің тағы бір 20 милионыншы азаматы Атырау облысында  Берік Жұмағазиев пен Айдана Оразымбетованың отбасында дүниеге келді. 

14 қарашада дүние есігін ашқан бақытты бөбектің есімі – Мухаммад Қосай. Бойы – 54 сантиметр, салмағы – 3 660 грамм.

"Таңертең әлеуметтік желіде еліміздің 20 миллионыншы азаматы өмірге келді деген жаңалықты оқыдым. Іштей менің де ұлым осылардың қатарында ғой деп ойладым. Кейін дәл сол сәтте жұбайым хабарласып, қуанышты жаңалықпен бөлісті. Біздің төрт жылдан бері аңсап күткен сәбиіміз өзінің несібесін елінің берекесімен бірге әкелді. Болашақта Отанын сүйген, еліне, ұлтына, дініне адал қызмет етер перзенттен болса екен деген тілегім бар", –  дейді тарихи сәттің себепшісі болу бақыты бұйырған Берік әкелік қуанышын жасыра алмай. 

Фото: Атырау облысының әкімдігі

Мухаммадтың анасы Айдана ұлы мен өзінің қазіргі жағдайын баяндап берді. 

"Тұңғышым таңғы сағат 8.10-да туды. Жағдайым жақсы. Мен бұл баланы Құдайдан сұрадым, ол берді", - деді 29 жастағы анасы Айдана. 

Айта кетейік, "Отбасы банк" АҚ облыстық филиал басшысы Нұржан Мұғалімов Жұмағазиевтер отбасына 2 млн теңгелік сертификат табыс етті. Бұл соманы баланың болашақтағы қажеттіліктері үшін банк депозитіне салып, Мухаммадтың оқуына немесе баспана алуына пайдаланады.

Түркістан облысы, Жетісай ауданында дүниеге келген 20 миллионыншы баланың есімі – Әлімхан.

Фото: Түркістан облысының әкімдігі

20 миллионыншы баланы дүниеге әкелген ананың аты-жөні – Ізтілеуова Гүлмира Бейсенбайқызы. Төрт баланың анасы 1988 жылы өмірге келген. Жетісай ауданы, Асықата кентінің тұрғыны "Жеңіс" мектебінде биология пәнінің мұғалімі. Әкесі – Шакенов Ерғали Асқарұлы. Жалдамалы жұмысшы. Нәрестенің салмағы – 3400 грамм, бойы – 51 см.

Талқылау