"Төрт баламен байға тидім": Америкалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ келіншек шетелдегі өмірі туралы айтты
Соңғы кездері шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққан қазақ қыздары әрдайым қоғамның қызу талқысына түседі. Түркістандық Айдын Тоқсанбаева есімді келіншек осыдан бір жыл бұрын филиппин ұлтының өкілімен көңіл жарастырып, дәл қазір АҚШ-тың Чикаго қаласында сүйгенімен бір шаңырақ астында тұрып жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Айдын Тоқсанбаева Түркістан облысы Кентау қаласында туған. 33 жастағы келіншек төрт ұлдың анасы. Әлеуметтік желідегі жұртқа Janym_Baklajanym лақап атымен танылған блогер. Ол бала-шағасын асырау мақсатында Америкада даяшы болып жұмыс істеп жүргенде қазіргі жолдасы Майкпен танысқан. Ол жігіт дәл сол дәмханадан тамақ ішкен екен. Ең бірінші келген кезі Айдынның есінде жоқ, әлгі ер адам екінші рет сол кафеге тағы да ас ішуге келеді. Сол сәтте америкалық азамат қарапайым даяшы қазақ қызының назарын өзіне аударған.
"Сол күні тамағын ішеді де маған шайпұл ретінде қомақты сома тастап кетеді. Шайпұл деп отырғаным – дәмханаға келген қонақ өзі ішкен тамаққа төлеуі тиіс шоттан бөлек даяшыға берілетін қосымша ақша. Шамамен 300-500 доллар тастап кетеді. Сене алмаймын, қайта-қайта қараймын, санаймын. Мен таңғалдым. Әрине, сол кезде есімде қалды. Ол кезде бар ойым ақша. Балаларымды Қазақстанға қалдырып, Америкада жұмыс істеп жүргендіктен, "тек қана ақша, ақша" деп қалғанмын ғой. Сол кісі екінші жолы келген кезде туысқанымды көргендей күтіп алдым. Сол кезде маған деген сезімі барын айтады, кездесуге шақырады. Сол сәтте жүрегім тынышталып, ерекше сезім пайда болды. Мен де ұната бастадым. Сосын ол мені дүкендерге апарып, iPhone телефонын сыйға тартты, Dior-дан рюкзак, Louis Vuitton-нан сөмке сыйлады. Сол кезде өзінің сезімі шынайы екенін жеткізіп, гауһартасты сырғаны құлағыма тақты", – дейді Айдын Тоқсанбаева.
Осылайша, шетелдік күйеу жігіт қазақ қызын Америкаға көшіріп алатынын айтып, тіпті төрт баласына да ұшаққа билет сатып алып қойған. Сол сәтте Айдын жеке өміріндегі жаңалықты анасына, туыстарына хабарлайды. Айта кетейік, Айдын Тоқсанбаева осы уақытқа дейін бірнеше рет тұрмыста болған екен. Бірақ ерлі-зайыптылардың дәм-тұзы жараспаған көрінеді.
"Мен бұған дейін екі рет тұрмыста болғанмын. Бірінші рет қазақ жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол – Тараздың жігіті. Ол кезде әлеуметтік желі жоқ. Сол кезде тыныш үйленіп, тыныш ажырастық. Өйткені екі түрлі адам екенімізді ұқтық. Сол кезде қатты күйзеліске түстім. Ажырасу деген оңай емес екен, ешкім ажырасамын деп байға тимейді. Екінші рет бес жылдан кейін тағы күйеуге шығыппын. Ол да қазақ жігіт. Ол жерде махаббат болды, бала көтердім. Бірақ бірге бола алмадық, тағы да көзқарасымыз әртүрлі екен. Сөйтіп екі рет қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, екеуі де сәтсіз аяқталды. Үшінші рет филиппиндік жігітке тұрмысқа шықтым", – дейді АҚШ-та тұратын қазақ қызы.
Алғашқыда қазақ жігіттерімен некелесіп, кейін өзге ұлттың өкіліне тұрмысқа шыққан Айдын Тоқсанбаеваға әлеуметтік желіде ең көп қойылатын сұрақ – қазақ жігіті мен шетелдік ер адамның тұрмыстық өмірдегі айырмашылығы туралы.
"Ең үлкен айырмашылық – көңілде, әйел адамды биік қоюда. Мен әйел ретінде өзімді бағалауды осы төрт баламен байға шығып түсінген шығармын. Қазақстанда әйел адамға эмоция сыйлауды, әйелге эмоция көрсетуді маңызды емес деп ойлайды. Айына бір рет сыйлық жасадың ба, сол жеткілікті деп ойлайды. Қолыңнан келгенше таңертеңнен кешке дейін әйелді қуанта білуде. Мәселе қымбат сыйлықта емес. Ең үлкен мәселе – көңіл бөлуде. Америкада әйелдің құқығы, әйелге деген сыйластық біздің елге қарағанда біршама жақсы", – дейді шетелдікке тұрмысқа шыққан блогер.
Бүгінде Айдын мен Майк азаматтық некеде тұрып жатыр екен. Қазақ қызы мен шетелдік күйеу баланың жас айырмашылығы едәуір, "бір бойжеткеннің жасы бар" деп жұмбақтады. Яғни күйеуі 18 жас үлкен көрінеді.
"Қазіргі шетелдік жолдасым бұрын отбасылы болған. Бұрынғы әйелі бізден 20 минуттық жерде тұрады. Бала-шағасы менен көп. Мысалы, менде төрт бала, олардың некесінде одан да көп. Ең кішісі 20 жаста. Олар 30 жылдай бірге тұрған", – дейді қазақ қызы америкалық күйеуінің бұрынғы отбасы жайлы.
Қазақ қызы Айдын мен шетелдік күйеу жігіт Майк алдағы уақытта балалардың санын көбейтпекші. Енді қызды болсақ деп отыр. Ал америкалық еркектің етегін ұстаған Айдын Тоқсанбаеваға әлеуметтік желіде қыз-келіншектердің тарапынан жиі қойылатын тағы бір сұрақ бар.
"Басқа ұлтқа тұрмысқа шыққысы келетін қазақ қыздарына не айтасыз?" дейді. Бақытыңды сол адамнан тапсаң, ешкімнің сөзіне қарамай тие беру керек деп ойлаймын. Өйткені өмір бір рет беріледі. Шетелдік жігіттің барлығы жақсы деп айта алмаймын. Бірақ Алла Тағала сенің бағыңды сол шетелдікпен ашып тұруы мүмкін. Менің жағдайымда өмірі кездесуі мүмкін емес адамдар кездесіп, бірге болуы мүмкін емес адамдар бірге болып жатса, Алланың қалауы сол болса, ешқайда кете алмайсың деген сөз. Егер жақсы адам болса, шыға беріңдер, бақытты боласыңдар", – дейді қазақ қызы.
Айдын Тоқсанбаева дәл қазір америкалық күйеуімен бақытты екенін айтады. Қазақстанға қайта оралу жоспарында жоқ. Бірақ АҚШ азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы туған еліндегі қайырымдылық істерді қол алмақ. Нақтырақ айтсақ, Айдын Тоқсанбаеваның алдағы уақыттағы арман-мақсаты – біздің елде ата-ананың қарауынсыз қалған балаларға қамқорлық көрсетіп, жетімдерге жәрдемдесу.
"Мен үлкен жобаны қолға алдым. Арманым – балалар үйін салу. Халық болып Алматының шетіндегі Кемертоған деген жерден 56 сотық жер алдық. Алдағы жазда сол балалар үйінің құрылысы басталады. Өзім, ата-анам барлығымыз жүріп қаншама баланың далада қалмай, жетімдікті сезбей, жылы жерде, жылы төсекте, қарындары тоқ болып, балалық шақты сезініп, болашақтары бар екеніне көздері жетіп, аман-есен өсіп, балаларды оқытып-шоқытып, жетілдірсек деген үлкен мақсат бар. Сол Алла қаласа орындап жатыр", – деп сөзін түйіндеді америкалық ер адамнан бақытын тапқан қазақ қызы.
Айта кетейік, өзін әлеуметтік желіде "төрт ұлдың анасымын" деп атайтын Айдын Тоқсанбаева бұл балалардың барлығын өзі дүниеге әкелмеген, кейбіреуін асырап алған көрінеді. Ал төрт ұлдың қайсысы өз баласы? Нешеуін асырап алды? Мұндай сауалды оқырмандары да жиі қояды екен. Блогер бұл сұраққа да жауап берді. Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.