Торғай даласы енді көрші елдің полигон алаңына айналады
Ұшы-қиыры көрінбейтін мыңдаған гектар қазақ жерінің Ресейге берілгенін өткенде айтқанбыз. Яғни, Торғай даласы енді көрші елдің полигон алаңына айналады. Онсыз да Байқоңырдың зардабын тартып отырған халық, министрлер айтқандай қалай ғана қолдай шықты десек, шын мәнінде қарсы екен.
Аудан орталығында жиын өткізген Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі «Халық келісті» деп отыр. Құлайтын бөлшектерден қауіп жоқ екенін тәптіштеп түсіндірдім дейді, деп хабарлайды 31 арна.
“Зияны жоқ. Ол деген экологиялық таза, жаңа, заманауи зымыран”, – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
“Машинадан шыққан газдың өзінде зиян бар, ана жақтан ұшып келген дүние зиян болмайды деуге болмайды. Зияны көп болады оның”, – Жангелдин ауданы Ақкөл ауылының тұрғыны Төленді Досов.
Іргелес жатқан Қарасу ауылына беттедік. Жергілікті халық «Ахмет ауылы» деп атайды.
Мұнда алаш зиялысы – Ахмет Байтұрсынов туған үйі бар. Мұның өзін жергілікті азаматтар өз қолдарымен тұрғызып, жаңғыртып қойыпты. Енді ауыл тұрғындары іргеге құлайын деп жатқан ракета қалдықтары – «Алаштың 100 жылдығына арналған үкіметтің басты тартуы болғалы отыр».
“Бұл Ахметтің жері! Ахметтің туған жері. Бұл жерді лайлай беруге ешкімнің қақысы жоқ! «Халық осылай келісіп жатыр» деп халықты неге ортаға сала береді? Халық бұған келіскен жоқ”, – дейді Жангелдин ауданы Қарасу ауылының тұрғыны Әбдісалық Жақсымбеков.
Халық келіспедік десе де, министр айтқанынан қайтпайтын сыңайлы. «Бұл жер ешкімге жалға беріліп жатқан жоқ» деген Бейбіт Атамқұлов еш зияны жоқ екенін өзі барып дәлелдемекші екен.
“Келесі жылы ұшыру болады ғой. Енді оған жетсек. Ұшыру болғанда мен өзім сол басына барып, басында боламын деген уәде бердім халыққа”, – дейді ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов.
Айтпақшы, министр аудан бюджетіне жыл сайын бөлінетін 151 миллион теңгеден бөлек, тағы біраз көмек беріледі деп мақтанғандай болған. Бірақ, онымен торғайлықтардың көңілін аулай алмайтын іспетті.
“Жаңа естіп келіп отырмын. Арзан 15 мыңнан көмір келеді дейді. Көмірі де құрсын, суы да құрсын. Біздің тек жерімізге тиіспесін! Баламыз, малымыз өмір сүріп отырған жерден біз ешқайда кетпейміз!”, – дейді Жангелдин ауданы Қарасу ауылының тұрғыны Жаңагүл Нұрғалиева.
“Байқоңыр осы арада іргемізде 300-400 шақырым жерде. Егер оның әсері болмаса шөп қайда кетті? Ауа-райы неге соншама қатты бұзылып кетті?”, – дейді Жангелдин ауданы Ақкөл ауылының тұрғыны Нұрғожа Ерназаров.
Азаматтар мәселенің тамыры Байқоңырға тіреліп тұрғанын түсінеді. Дегенмен, үкімет үшін ол пайдалы болып отыр. Министрдің айтуынша, ғарыш айлағын жалға берген 22 жылда біздің қазынаға 884 миллиард теңге түсіпті. Бұл – Қазақстанның 1 жылдыҚ бюджетінің 10 пайызындай ғана болады екен.
Тағы да оқыңыз:
Назерке Әріпті өлтірді деген күдіктінің анасы оның қыздарға талай рет шабуылдағанын айтты