Төреғали қарындасының ұзатылғаны жайлы: Жүрегімнің бір парасын жұлып бергендей болдым
Төреғали Төреәлі ұзақ уақыттан бері алғаш рет сұхбат берді. Қарындасын құтты орнына қондырған әнші бұл сәттің өзіне ауыр тигенін мойындайды. Күйеу баласын жақсы қабылдағанымен, өз-өзіне енді келгенін айтты.
Бұл туралы Ұлы дала баласы Таңшолпан бағдарламасында айтты.
"Жақында қарындасым Фаризаны ұзаттық. Дархан күйеу бала құда түсіп келген сәттен бастап алай-дүлей күй кештім. Қарындасыңды ұзатып шығарған, жат жұртқа берген кімге болса да оңай емес. Жүрегіңнің бір парасын жұлып бергендей боласың. Менде де сондай сезім басымнан өтті. Енді ыстық-суығы басылып, өз-өзіме келіп жатырмын. Жалпы Дарханды жақсы қабылдадым. Қазір бәрі жақсы", - деді ол.
Айта кетейік, Төреғалидің қарындасы Фариза Төреғали көктем айында некесін қидырып, жақын күндері үйінен ұзатылды. Үлкен тойы да дүркіреп өтті. Әншінің қарындасы қазақстандық спортшы Дархан Нортаевқа тұрмысқа шықты.
Төреғали карантин көп адамның тәубесіне келіп, бардың қадірін түсінуге көмектесті дейді.
"Біз әншілер халықтың қадірін білдік. Той тойлап, емін-еркін кошеметке бөленіп жүрген кездің бейбіт заман екенін түсіндік. Халық та шүкір етіп, ысырыптан ада болды. Енді індет бітсе, карантин аяқталса туған жерімнен бастап барлық елдімекенге гастрольдік сапарға шықсақ деген жоспар бар", - деді ол.
Төреғали карантиннің көп жұмысқа кедергі болғанын айтты. "Ұлы дала боевигі. Алматы-Ганконг" атты фильм түсіру идеясының да тоқырап қалғанын айтты. Мұның бәрі карантиннің аяқталуына байланысты.
Төреғали бір кездері айтыс әлемінде жүрді. Өлең шығаратын ақындық қасиеті бары көпке белгілі. Алайда өз әндеріне мәтін жазбайды.
"Менің Толқыным" атты әннің авторы ғана өзіммін. Басқа әншілерге мәтін жазып бергенмін. Бірақ өз әндеріме жаза алмаймын. Жалқаумын. Алланың берген қасиетін бағалай алмай жүрмін. Болашақта қолға аламын. Айтыстан кеттім деп те айтқым келмейді. Оралғым келеді. Оның бәрі болашақтың еншісінде", - деді Төреғали.