"Тілімді қышытпай отырыңдар": Қамауға алынған Төреғали Төреәлінің қарындасы болған жағдайға қатысты пікір білдірді
Күні кеше танымал әнші Төреғали Төреәлі есірткіге мас күйде көлік айдап, ұсталған еді. Әншінің қарындасы Дина Төреәлі әлеуметтік желідегі парақшасында болған жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
©instagram.com/toregalitoreali
Ол ағасына қай кезде де қолдау көрсететінін айтты.
“Бұл жолы үнсіз қалмаймын! Кімді өсектерін білмей отырғандарға таптырмас жағдай болыпты. Бәріңді Аллаға тапсырдым. Сүрінгенге жұдырық болған әрқайсысыңның жазаларыңды осы өмірде берсін. Айтарым көп… Бүкіл әлем қарсы шықса да, мен туғанымды соңғы деміме дейін қолдаймын. Қолымнан келсе, біраз нәрсе жасар едім. Бірақ Алланың өзі жеткілікті”, – дейді ол.
Дина Төреәлі ағасын қатыгездікпен ұстаған полиция қызметкерлеріне де ызалы.
“Мен видеодан көрген өтірік қаһармандар туралы жазарым көп. Кім не десе де, аяқтан шалса да, ол біз үшін ең жақсы, ең мықты адам. Алланың оған берген рухы мен мінезін тартып аласыңдар ма? Қолдарыңнан басқа не келеді? Қазақтың басқа мәселесін шешу ме? Жоқ. Мықты болсаңдар, қазақтың шырылдаған кішкентай бес жасар қыздарын зорлап, бостандықта шалқып жүрген педофилдерді солай ұстаңдар. Тілімді қышытпай отырыңдар", – деп жазды Дина Төреәлі.
Еске салайық, бұған дейін Төреғали Төреәлі есірткіге мас күйде ұсталып, қамауға алынған болатын. Сондай-ақ әнші өз кінәсін мойындады.