Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Терезелері жабық, қабырғасында тарақандар жүреді": Депутат Елнұр Бейсенбаев ҚТЖ вагондарын сынады

Депутат Елнұр Бейсенбаев еліміздегі темір жол саласын сынап, жолаушылар  тасымалының сапасы сын көтермейтінін айтты. Әсіресе пойыз вагондарының жағдайына қатысты шағымдар көбейіп кеткенін атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото:  ҚР Парламент мәжілісі / видеодан скриншот

Халық қалаулысы осы мәселеге қатысты сауалын үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолдады.

“Жыл сайын біз вагондар паркін жаңарту мәселесін көтеріп келеміз. Уәде бар, бірақ іс жүзінде жоспарланған қарқындар сақталмайды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі уақытта жылжымалы теміржол құрамының паркі 138 мың бірлікті құрайды, орташа тозуы 55%. Министрлік 2025-2030 жылдар аралығында вагондар паркін жаңартуды жоспарлап отыр. Осы орайда, ескере кететін жайт "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы 1997 жылы құрылды. Яғни 26 жыл күткеніміз аздай, енді тағы да 7 жыл күтуіміз керек. Күткен үмітіміз ақталатынына, вагондар паркін жаңарту жұмысы тиімді болатынына сеніміміз аз”, - деді Бейсенбаев.

Депутаттың айтуынша  2030 жылы қалған вагондар ескіріп, теміржол құрамы паркінің тозуы 55%-дан да асып кетпейтініне ешкім кепіл бола алмайды.

“Осындай кондиционері істемейтін, терезелері ашылмайтын, қабырғасында тарақандар жүретін, қазіргі уақытта тозығы жеткен вагондарға жаз мезгілінде билет сатып алу арман болды. Ал сәті түсіп билет тапқан бақытты жандарды вагон ішіндегі нағыз масқара күтіп тұрады. Жаз бойы халықтың жан айқайын әлеуметтік желіден әбден көрдік. Жыл сайын біз азаматтарымыздың ішкі туризмге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көріп отырмыз”, - деп  мәлімдеді Ернұр Бейсенбаев.

Ол негізгі турмаршруттардағы жолаушылар ағынын басқаруға қатысты стратегиялық жоспар қажет екенін айтты.

“Билеттер тапшылығымен қатар, билет бағасының қымбатшылығын көріп отырмыз. Олар әртүрлі мобильді қосымшаларда сатып алу кезінде ерекшеленеді. Ресми беттерде тапшы маршруттарға билеттерді сатып алу кезінде тек жоғарғы орындар қол жетімді. Бұл жыл сайынғы теміржол билеттер құнын субсидиялауға қомақты қаражаттар бөлінуіне қарамастан орын алып отыр. Онымен қоймай, қымбат бағасына сапасы сай келмейтін пойыздардың жиі кешігуі болып жатыр. Соңғы кездері сапардағы азаматтарымыз үшін пойыздардың 1-2 сағат кешігуі үйреншікті жайт болып қалды. Бұл уақытты жоғалтуға ғана емес, кейде қаржылай шығындарға әкеледі, өйткені трансфермен келе жатқан жолаушылар келесі пойызға кешігіп қалады”, - деп түсіндірді мәжіліс депутаты.

Дегенмен бұл үшін жауапкершілікті өз мойнына алуға ешкім асықпайды дейді депутат. 

Министрлік мәліметінше, 2023 жылғы 11 және 17 тамыз аралығының өзінде жолаушылар пойыздарының 50 сағат 40 минутқа кешігіп келуінің 86 жағдайы тіркелген.

"Тағы бір алаңдатадын мәселе, ол аймақтардағы теміржол вокзалдарының кімнің меншігінде және қандай жағдайда екендігі. Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысында теміржол вокзалының ғимараты, станцияның өзі және жол учаскесі "Ресей темір жолдары" ресейлік мемлекеттік компаниясымен жалға алынған”,- деді Елнұр Бейсембаев өз сөзінде.

Депутат  "Қазақстан Темір жолы" Ұлттық компаниясының құрылғанына 26 жыл болғанына қарамастан бұл саладағы жұмыс әлі күнге дейін ретке келтіре алмай келетінін де ашып айтты.

Ол депутаттық сауалда көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, теміржол тасымалы мәселесін түбегейлі шешуді сұрады.

Талқылау