Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Tengri Bank лицензиясынан айырылды: Экономистер басқа банктерге де қауіп төніп тұрғанын айтты

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Tengri Bank-ті лицензиясынан айыру туралы шешім қабылдады. Сарапшылардың пікірінше, қаржы институтының жағдайы салымшылар ақшасын кері алғаннан бастап нашарлаған. Қазақстандық экономистер бұл басқа банктерге де әсер ететінін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Tengri Bank-тің жабылатыны жайлы ақпарат желіде жарияланғаннан бастап адамдар өз есепшоттарынан ақшаларын ала алмайтындықтарына шағымданды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бұған жауап ретінде банктің бірқатар қиындықтары бар екенін хабарлаған.

Бірақ қаржы институты банктің жабылуы туралы ақпарат таратпаған. Бұл туралы ақпарат бүгін ғана жарияланды. Агенттік Tengri Bank-ті банктік және басқа операцияларға арналған лицензиясынан айырды.

Қаржылық нарықты реттеу және дамыту агенттігі мәселеге қатысты түсініктеме берді.

"Міндетті нормалар мен лимиттерді жүйелі түрде бұзғаны үшін, қадағалау шараларын жүйелі түрде орындамағаны үшін Банкті бағалы қағаздар нарығында банктік және өзге операциялар мен қызметті жүзеге асыруға арналған лицензиясынан айыру туралы шешім қабылданды. Шешім бойынша 2020 жылғы 18 қыркүйектен бастап банк холдингтің қосымша капиталдандыру жөніндегі уәкілетті органның талаптарын орындамағаны үшін қызметін жалғастыра алмайды", - дейді агенттіктегілер.

Tengri Bank-тің жағдайы салымшылар ақшасын жаппай кері алуына тікелей байланысты болған. Дағдарыстың салдарынан адамдар өз қаражаттарынан айырылып қалудан қорқып, оларды есепшоттарынан шұғыл ала бастады. Бұл, банктің қаржылық операцияларды жүзеге асыра алмауына әсер етті. Tengri Bank-те қанша салымшы болғаны әзірге белгісіз. Қаржы институтының басшылығы жұмыстан шығарылды. Бірақ мамандар салымшылар зиян шекпейді деп сендірді.

"Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры Tengri Bank-тің барлық салымшыларының қаражатын кері қайтарады. Бұл өтемақы аталған тұлғалардың Tengri Bank АҚ-дағы депозиттеріне, ағымдағы шоттарына аударылатын болады", - дейді "Қазақстан депозиттерінің кепілдік қоры" АҚ төрағасы Әділ Өтембаев.

Экономистердің пікірінше, дағдарыс басқа банктерге де әсер етуі мүмкін.

"Бұл қандай-да бір дәрежеде барлық банктерде болады. Клиенттер өз қаражаттарын, депозиттерін алады. Мұндай шағын банктердің қауіпсіздігі төмен. Мен Tengri Bank банктердің құлдырауының басы деп білемін. Меніңше, мұндай жағдай басқа да банктерде болады", - дейді экономист Айдар Алибаев.

Лицензиядан айырылған қаржы институтының клиенттері агент-банкке хабарласуы керек. Ол жақын арада анықталады. Ақшаны қайтару қазан айының бірінші жартысында басталады деп күтілуде.

Талқылау