Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Теміртаудың экологиясы қашан жақсарады– Экология министрі жауап берді

Теміртаудың экологиясы 2025 жылдан бастап жақсарады. Бұл туралы экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Қожықов айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ortcom.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев министр болғалы Теміртау экологиясын жақсартуға қатысты қандай жұмыс атқарғанын айтты.  

Министр Нысанбаев қазір “АрселорМитталдың” жұмысын халықаралық аудит компаниясы тексеріп жатқанын айтты. 

“Мен келген уақытымда үлкен ісшара басталып кеткен, ірі халықаралық аудит компаниясы ауқымды жұмысты жүргізіп жатыр. Көбісі “АрселорМитталға” байланысты. Экология заңы аясында жаз бойы жұмыс жасалды. Қазір тексеру нәтижесін күтудеміз. Сол нәтиже шығарылған құжатты қолымызға алған соң, өзіміздің шешімдерімізді қабылдайтын боламыз”,-деп жауап берді министр. 

Министр Нысанбаев жауабын толықтырған экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Қожықов министрлік Теміртаудың экологиясын күн сайын бақылап отыратынын жеткізді. 

“Негізінен Теміртау қаласындағы экологиялық ахуал күнделікті біздің бақылауда. Экологиялық рұқсаттама қағазын берген кезде біз табиғат қорғау жоспарларына мән береміз. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда негізгі миссия нормативтері жылдан-жылға қысқартылып келеді. Одан басқа мемлекеттік бақылау жағынан қарағанда жалғыз “АрсселорМиттал” емес, сол жердегі басқа да ірі компанияларға қатысты тексерістер жүргізіп, тиісті шаралар қолданып жүр”,-деді ведомство өкілі.

Комитет басшысының орынбасары “АрселордыМиттал Теміртауға” жылына кемі 6-7 рет тексеру жүргізілетінін мәлімдеді.

“Министр айтып өткендей халықаралық ұйымды тартып тексеру жүргізудеміз. Ол үш кезеңге бөлінген. Оның екі кезеңі аяқталды, осы жылдың төртінші тоқсанында үшінші кезеңді аяқтап,сосын нәтижесіне байланысты шешім қабылдаймыз”- деді ол. 

Ерболат Қожықовтың айтуынша тексерістен нәтижелер шығып жатыр. Компанияға жыл сайын миллиардтаған айыппұлдар салынып жатыр.

 Ал, Теміртаудың экологиясы нақты қашан жақсарады деген сұраққа былай жауап берді:

“Жаңа экологиялық нормаларға сәйкес 2025 жылы міндетті экологиялық сақтандыру енгізілуі тиіс. Ал “АрселорМитталға” қатысты айтатын болсақ міндетті экологиялық сақтандыруға көшу бойынша тиісті құжаттарын дайындап жатыр. 2025 жылдан бастап сондай үміт бар, жақсарады деген”,- деді экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ерболат Қожықов.

Талқылау