Темірторды сауықханаға айналдырған: Түрме "корольдарының" жағдайы айтылды
Қазақстан түрмелерінде жатқан, ел «король» атап кеткен жандар енді заңға бағына бастаған сияқты. Елдегі түрмелерге жауапты шенділер сыра королі Тоқтар Төлешов пен шыны королі Мұратхан Тоқмәди де тәртіпке сай жазасын өтеп жатыр деді. Тіпті, бұған дейін қонақ үйде жатқандай қыз-келіншектерді кіргізіп, қалаған заттарды алғызып келгені анықталған Expo-2017 компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегияевтың өзі қазір кітап оқып, барлық ісшараларға белсене қатысып жүрген көрінеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнаның «Информбюро» жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.
Сурет vlast.kz сайтынан
Ермегияевтың түрмені сауықханаға айналдырғаны жайлы түзету мекемесінің қызметкері айтқан болатын. Осы даудан кейін Expo-2017 компаниясының бұрынғы төрағасы жазасын өтеп жатқан мекеме басшысының орынбасары сотталған. Сол жағдай сабақ болса керек Талғат Амангелдіұлы қазір түрме ережесін бұзбай жүр екен.
Ал, қарулы төңкеріс жасамақ болды деген айыппен сотталған сыра королі Тоқтар Төлешов пен шетелде қашып жүрген Әбләзовтың тапсырысы бойынша банкир Тәтішевті өлтірді деген Мұратхан Тоқмәдидің жазасын қалай өтеп жатқандығы туралы ақпарат айтыла бермейді. Сотталған беделді азаматтар туралы жауапты коммитеттің басшысы да ашып айта алмады.
Құқық қорғаушылар жазасын өтеушілерді лауазымына, істеген қылмыстарына қарай бөлмейміз деп уәж айтты. Олар, тіпті, Сириядағы қарулы қақтығысқа қатысып келіп, сотталып жатқан 14 азаматты да үкімнен кейін өзгелерден оқшауламаймыз деп отыр.
Осы орайда лаңкестік әрекеттерге қатысқандарды Қазақстан азаматтығынан айыру туралы заңды неге қолдамайды деген мәселе жиі айтылып жатады.
«Азаматтығынан айыру бойынша мәселе әр жағдайда жеке-жеке қаралады. Әзірге мұндай жағдайлар жоқ. Біздің басты мақсатымыз адасқан адамдарды қоғамға қайта қосу болып отыр», - деді ҚР бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнаулы есепке алу жөніндегі комитетінің төрағасы Қайрат Жақыпбаев.
Құқық қоғаушылардың айтуынша соңғы екі жылда арнайы ағарту-тәрбиелеу жұмыстарының нәтижесінде өздерін дін короліндей сезініп адасқан 300-дей адам дәстүрлі дінге қайта бет бұрыпты. Ал, қазіргі таңда елдегі түзеті мекемелерінде радикалды көзқарастағы 700 адам өз жазасын өтеп жүрген көрінеді.