Тәуекел: Бұған дейін бірнеше қызбен кездестім, олардың бәрі жақсы қыздар еді
Мың сұлудың арманы болған Тәуекел бүгінде орда бұзар жаста. Ақыл тоқтатқан жас актердің арманы асқақ. Ол биыл мұсылманның сүннетін орындап, шаңырақ көтерді. Қалған ғұмырын анасына арнап, бар қалауын орындауға асық.
"Анам туралы көп нәрсе айтуға болады. Мен үшін бәрінен бірінші орында тұрады. Анам 30 жасында ажырасса да, әпкем екеумізді ойлап қайта тұрмыс құрған жоқ. Енді қалған өмірін еш уайым-қайғысыз өткізсе екен деймін. Мен анама Парижді көрсетуім керек. Мен анамды Меккеге апаруым керек. Алладан ұзақ өмір тілеймін. Немере сүйсе екен деймін. Менің әйелім Махаббатты анама ұқсатып жатады. Ұқсайтын жерлері бар. Махаббат анамның да, әпкемнің де көңілінен шықты", деді ол "ER-BATYR" жобасында.
Тәуекел әкесі мен анасы туралы сөз қозғағанда көзіне жас алды. Өткен күн де тағдырдың жазуымен болды деп өзін жұбатады.
"Махаббаттың ең алдымен маған ұнағаны - жүрегінің тазалығы. Ешкімге жамандық ойламайды. Мейірімді. Мен өзім қандай болсам, жарымның сондай болғанын қаладым. Бірнеше қызбен сөйлесіп көрдім. Оның бәрі жақсы қыздар. Махаббат солтүстіктің қызы болғандықтан, тілі орысша. Қазақша үйреніп келе жатыр. Бірақ мінезі өте жұмсақ", - деді Тәуекел.
- Әкесі туралы айтқан Тәуекел Мүсілім еңкілдеп жылап қалды
- Тәуекел: Талғат Теменов маған "сен сауатсыз актерсің, бұл саладан кет" деді
Тәуекел өзінің өмірде мейірімді екенін айтады. Карантин уақытында өз қолымен құрылыс заттарын жасап уақыт өткізген. Бала күнінде футболист болуды армандадым дейді. Алайда өзін қолдайтын, соңына дейін жетелейтін адамы болмаған.
"Мен футболист болуды армандадым. Футбол үйірмесіне қатыстым. Бірақ оның дайындығына, қиындықтарына шыдамай орта жолдан кетіп қалдым. Егер қасымда әкем болғанда немесе "соңына дейін шыдасаң, чемпион боласың" деп айтатын ер азамат болғанда футболда жүрер ме едім. Футболды әлі де жақсы көремін", - деді ол.
Тәуекел отбасы болудың оңай дүние емес екеніне көзі жеткенге ұқсайды. Ол бұрынғы ойынан айнып, басқаша пікір айта бастаған.
"Мен бұрын әйеліме 100 пайыз сенімді болғанда ғана үйленем деп айтатынмын. Бірақ олай болмайды екен. 100 пайыз ешнәрсе болмайды. Мен олай деген себебім, балаларымның анасы екеніне, сол адаммен өмір бойы тұруға болатынын түсіну үшін айтқан шығармын. Себебі әйеліммен ажыраспаймын, балаларымды тастамаймын деген мақсатпен айттым. Махаббаттың да, менің де ойымнан шықпай жататын жағдай болады. Адамның бір-біріне сыйысуы қиын. Сондықтан тек түсіне білу керек. Ол басқа да қыздар секілді менен әлденелер талап етеді. Бірақ мен қолымнан келгенді ғана жасай аламын. Барлық кезде бірге бола алмаймын. Менің жұмысым, ортам, достарым, әр түрлі жағдайлар бар. Оның бәріне үлгеруім керек", - деді Тәуекел.