"Тас, қоқыс, топырақ салынған қапшықтарды қолданудамыз": Ұзынағаш ауылының тұрғындары су басу қаупін айтып шағымдануда
Алматы облысының Ұзынағаш ауылының тұрғындары үйлерін су басу қаупі барын айтып, шағымдануда деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.

Ауыл тұрғыны Мира Молдыбаева үйіне су кіретін жолды мүмкіндігінше жауып тастауға тырысуда.
“Тастар, қоқыс, топырақ, қаптар барлығын қолданып жатырмыз. Септик аузына дейін толған. Егер ештеңе жасамасам, су үйге кірейін деп тұр. Шаршадым”, – деді ол.
Қазір өңірде балалар мектеп пен балабақшаға бара алмай отыр екен. Ал үлкендер болса ауыз су іздеп әлек. Жаңадан салынып жатқан ғимараттарда су тіптен жоқ.
"Су жоқ. Барлығы аулада құдық қазып жатыр, бірақ ол қазір қатып қалды. Сондықтан көршілерден су іздеп, құтыларымызбен осылай жүреміз", – деді тұрғын Зәуреш Төбішева.
Тұрғындар бірнеше жылдан бері ауылдың мәселесін шешуді сұрап жергілікті атқамінерлерге жүгінген.
Өз кезегінде ауыл әкімдігі тұрғындардың өтініш-тілектерінің назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
"Бұл жағдай қазір барлық жаңадан салынып жатқан ғимараттарда байқалады. Қар еріп, су үйлерге қарай ағып жатыр. Қазір арықтарды тазалап, суды кері бағытта төмен түсіріп жатырмыз. Көшеде 10 техника және 50 адам жұмыс істеуде", – деді Ұзынағаш ауылдық округі әкімдігінің төтенше жағдайлар жөніндегі бас маманы Нұрбол Мырзабаев.
Билік тұрғын үйлерді су баспайтынына уәде беріп отыр. Ал ауыз суды тартуға қаржы биыл бөлінетін айтты.