"Тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр": Депутат той жасауға рұқсат беру керектігін мәлімдеді
Парламент мәжілісінің депутаты жалпы отырыста Берік Дүйсенбинов халық отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр екенін айтты. Сол себепті той-жиындарды өткізуге тыйым салудың нәтижесі жоқ, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Депутат отбасылық шараларға тыйым салынса да, халық тойды тығылып өткізетінін мәлімдеді.
“Ондайда вирустың таралу қаупі күшейе түседі. Сондықтан ондай шаралар, шын мәнінде, індеттің таралуын тоқтатуға еш әсер етіп отырған жоқ. Өкінішке қарай, вирус өміріміздің тұрақты факторына айналуда. Ал өмір жалғасуда: жастар отбасын құрады, адамдар туылады және қайтады. Біздің халқымыз қызығын да, қайғысын да жақынымен бірге бөліскен еді. Ал бүгінде азаматтарымыз кең ғимараттарда сақтық шараларын сақтай отырып өткізетін отбасылық шараларды антисанитарлық тар жерлерде тығылып өткізуге мәжбүр болуда", – деді Дүйсенбинов.
Оның айтуынша, шектеу шаралары көзбояушылыққа, індетпен күрестің бейшара көрінісіне, тіпті жемқорыққа айналып кеткен. Себебі ресми түрде шектеу болса да, іс жүзінде жанұялық шаралар мен той-жиындар пәтерлерде, жеке үйлерде және шағын дәмханаларда өтіп жатыр.
"Оның үстіне, өңірлерде шенеуніктерге жақындығы бар немесе "қажет жерде" құнын төлеген мейрамханалар тәулік бойы ешқандай шектеусіз, қонақтар санына қарамай жұмыс істейтіндігі де ешқандай да құпия емес. Сондай-ақ қоғамдық көліктердегі иін тірескен адамдар мен халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын-сонар кезектерді көргенде қандай санитарлық нормалар туралы айтуға болады?! ", – дейді депутат.
Осыған байланысты "Ақ жол" фракциясының депутаттары үкіметке депутаттық сауал жолдады. Егер отбасылық шараларды өткізуге тыйым салынатын болса, онда бүгінде шектеудің нәтижесінде қаңырап бос тұрған ғимараттарды одан әрі пайдалану, оларды жаңа мақсатқа бейімдеуге мектептер, ауруханалар, спорт мекемелеріне айналдырып, қайта жабдықтауға көмектесу туралы ұсыныс жасады.