Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғар ауданында жас қызды бұрынғы жігіті қатты соққыға жыққан

Талғар ауданында жас қызды бұрынғы жігіті қатты соққыға жыққан. Қыз ауыр жарақаттармен ауруханаға түсті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы жәбірленушінің туыстары “Немолчи” қорына айтып берген.

"2023 жылдың 3 қаңтарында сағат 23:00 шамасында әпкемнің бұрынғы жігіті оны үйінен алып кетіп, "әке-шешең мен әпкелеріңе менімен сөйлескеніңді айтсаң, өлтіремін" деп қорқытып, қала сыртына алып кеткен. Алатау тас жолының бойында көлікте қызды ұрып-соғып, дене жарақатын салып, мұрнын сындырып, бетін пышақпен тіліп, жалаңаш шешіндіріп, өміріне қастандық жасаған. Қыздың суретін түсіріп, инстаграммға жүктеп, телефонын тартып алыпты. Біз барлығын сол жерден біліп, 01:30-да патрульдік полицияға қоңырау шалдық. Біз оларға жағдайды түсіндірдік. Оның жағдайын көріп, жедел жәрдем шақырдық.

Жедел жәрдем келіп, алғашқы медициналық көмек көрсетті, патрульдік полиция оны іздеуге шықты. Сіңілім облыстық Талғар ауруханасына жатқызылды. Біз ауруханада болғанымызда тергеушілер арыз түсіруге келді. Бүгін, 04.01.2023 жылы таңертең қылмыскер ұсталды, қазір Талғар аудандық полициясында қылмыстық іс қозғалды”, – дейді зардап шеккен қыздың әпкесі.

Осыдан бір жарым жыл бұрын күдікті жәбірленушіге дәл осындай дене жарақатын салыпты. Алматы қаласында арыз да жазылыпты. Алайда жағдай өзімен-өзі шешіліп кеткен көрінеді.

“Біз оның барлық заңнамалық шаралар бойынша жазалануын және бәрі әділ шешілгенін қалаймыз. Біздің құқық қорғау органдары барлық шараларды қабылдайды деп үміттенеміз", – дейді зардап шегушінің туысы.

Талғар аудандық полициясы жарақат алған қыздың қазір стационарлық ем қабылдап жатқан медициналық мекемеде екенін растады.

"Күдікті 2001 жылы туған азамат О. ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Мән-жайды анықтау полиция қызметкерлеріне жүктелді. Тергеу барысында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес барлық қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның нақты мән-жайы анықталады. Қылмыстық іс бойынша тергеу барысы ПД басшылығымен бақылауға алынды", – делінген полиция хабарламасында.

Талқылау