Талдықорғандық жігіт өзіне ескерту жасаған ерлі-зайыптыларды аңшы мылтығымен атып тастаған
Алматы облысында ерлі-зайыптыларды мылтықпен жаралаған 24 жастағы Талдықорған тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтее жасап.
Оқиға 8 маусымда Ескелді ауданы Қоңыр ауылында болған. 24 жастағы талдықорғандық жігіт 34 жастағы азаматпен және оның әйелімен жанжалдасып қалған. Кикілжіңнің арты төбелеске ұласып, артынша күдікті Mitsubishi Pajero маркалы көлігінен 12 калибрлі аңшы мылтығымен ерлі-зайыптыларға оқ атқан. Зардап шеккендер Талдықорған қаласындағы ауруханалардың біріне жатқызылды.
“Күдікті ауыл көшелерінің бойымен қатты жылдамдықпен жүріп, шаң көтеріп, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырған. Оған айтылған ескертуден кейін ол агрессия танытып, төбелес шығарып, атыс қаруын қолданған. Нәтижесінде 34 жастағы ер адам мен 31 жастағы әйел жарақат алды. Оқиғаға байланысты "Кісі өлтіруге оқталу" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. , - деп хабарлады Ескелді аудандық полициясы.
Күдіктінің бұған дейін ұрлық жасағаны үшін сотталғаны анықталды. Қазір ол тергеу изоляторына қамауға алынған. Қажетті сараптамалар тағайындалып, аңшы мылтығы айғақты зат ретінде қылмыстық іс материалдарына тіркелді.