Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл өзіңе деген құрмет": Сұлулық салонынан шықпайтын қазақстандық ер жұлдыздар кімдер

Бүгінде отандық шоу-бизнесте қолдары қалт етсе сұлулық салонына асығып, косметологтан кеңес алып, одан қалса шугаринг жасатуға құмар ер азаматтардың саны күрт өскен көрінеді. Еркек кіндіктілердің арасында белең алған бұл үрдіске көпшілік жатырқай қарауда. Десек те, эстрададағы ерлер қауымы елге ерсі естілетін әрекеттерін түсіндіруге бел буды. Мәселен, косметологтардың тұрақты тұтынушыларының бірі – Асхат Тарғынов, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі. 

әншілер

«Мен косметологқа барамын. Бетімді тазартамын. Өйткені, бетке қара дақ түседі, кейде түрлі жара шығып кетеді. Сондай кезде бетімді тазарту үшін барып тұрамын. Жылына бір-екі рет косметологқа бетімді тазартып аламын. Кейбір ер адамдар қасын жұлдыртады, укол салдыртады, ернін, мұрнын тестіртеді. Қазір неше түрлі нәрсе шығып жатыр ғой. Бірақ мен ондайға барған емеспін. Шугаринг туралы айтатын болсам, қолтықтың түгін тазартып жүрсе болады. Ол мұсылманда үлкен тазалық», - дейді әнші Асхат Тарғынов.

«Опмай-опмай» хитінің орындаушылары да Тарғыновтың қатарында. «Азия» тобының әншісі косметологтың көмегіне мәжбүрлі түрде жүгінетінін жасырмайды.  

«Бетіме безеу қаптап кеткен кездері косметологқа барамын, дермотологқа барамын. Содан кейін бізде түрлі түсірілім болады. Сол кезде гримдер жасалады. Сондықтан, қажет кезде барып тұрған жөн. Ер адамдар көп бармайды ғой. Сынап та жатады. Бірақ бетіме қатты зақым келген кезде баруға тура келеді», - дейді «Азия» тобының әншісі Ербол Шәріпов.



Сондай-ақ, Айдар Тұрғанбек те әріптестерінің сөзін қос қолдап қолдайтынын жеткізді. «Жігіттер» тобының әншісі сұлулық салонына бас сұқпаса да, косметологтың көмегіне жиі жүгінетін эстрададағы талай ер азаматтарды жақсы біледі.

«Жалпы әртүрлі адамдар бар ғой. Мүлдем косметологқа баруға болмайды деп үзілді-кесілді бас тарту дұрыс емес. Мысалы, кейбір жігіттің бетіне түрлі жара, үлкен қызылшалар шығады. Ондай жігіттерге бару керек. Асқазанында проблема болады. Одан кейін ол бетіне шығады деген сияқты. Сондай жағдайда ғана баруы керек. Мен өзім мүлдем косметологқа бармаймын. Орынсыз баруды қаламаймын әрі ер адамдарға кеңес бермеймін», - дейді «Жігіттер» тобының әншісі Айдар Тұрғанбек.

әншілер

Ал Зарина Омарова қит етсе сән салонынан шықпайтын өнердегі ер азаматтардың әрекетін көріп, кірерге тесік таппай жүргенін жеткізді.  

 «Мен ондай еркектерді түсінбеймін. Ер азамат – ер азамат болып қалу керек. Менің жолдасым да ондайды түсінбейді. Біз ұлымызға үйде айтып отырамыз. Баламыз келіп «Ой, осындай футболшы бар. Шашын былай өсіріпті. Мен жасаймын деп. Сол кезде әкесі қатты ұрысады. Сондықтан, еркек ешкімге еліктемей, еркек болуы керек. Біздің ата-бабамыз қандай ер адамдар болды? Аттың құлағында ойнайтын нағыз ер азаматтар болған. Біздің қазіргі жігіттеріміз салонға барып, шашын бояп, шугаринг жасайды деп олар кезінде ойлады ма екен? Менің ойымша, заманауи тренд деп, шет елге немесе Батысқа еліктей берсең, ер азаматтық қасиетің қалмайтын сияқты», - дейді Зарина Омарова.

Заринаның шоу-бизнестегі ерлер қауымына бағыттаған ащы сөзіне қарсы пікір білдірген нәзік жандылар да табылды. Мысалы, «Асыл» тобының мүшесі Ақерке Бүркітбай, Омарованың бұл түсінігі мен ұстанымына қарап, өнердегі әнші әпкесін ескіліктің жалғасы деп топшылайды.

«Ер әртістердің косметологқа барғанын толықтай құптаймын. Сахнада жүргеннен кейін сырт келбетіне жақсы көңіл бөлу керек деген ойдамын. Менің өз басым аяқ-қолындағы тырнағын жақсы күтіп, бет-әлпетіне күтіммен қарап, әдемі, ұқыпты жүрген жігіттерді жақсы көремін. Адамның өзіне уақыт бөлуі  – өзіне көрсеткен құрметі. Қазіргі таңда көпшілік ер адамдардың бұл әрекетіне сыни көзқараспен қарайды. Ол біздің көне менталитет, бұрынғы тәрбиеден қалған нәрсе деп ойлаймын. Әлі де санамызда қалып қойған шығар. Ер адамдардың косметологтың көмегіне жүгінгенінен ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын», - дейді «Асыл» тобының әншісі Ақерке Бүркітбай.  

Қандай тақырып талқыға түссе де, түрлі пікірдің туындауы заңдылық. Ең бастысы, нәзік жандыларға қорған болар ер азаматтарымыз ұсақталып кетпесе болғаны.   

 

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

Талқылау