Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда оқудан шығарылғандарға грант қайта берілген

ақша
Фото: Stan.kz

Қазақстанда жоғары білім беру саласына бөлінетін қаржы соңғы бес жылда екі есеге жуық артқан. Алайда бұл өсім жүйенің сапасы мен тиімділігіне айтарлықтай әсер етпеген. Мұны Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскин мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тілеген Қаскиннің сөзінше 2023–2024 жылдары білімге бөлінген қаражаттың небәрі 40%-ы ғана оператор арқылы өткен, қалғаны бірыңғай есеп жүйесінен тыс бөлінген. 

“Соған қарамастан, жұмыспен қамтылу деңгейі төмен 67 университетке 246 грант берілген. Әр студент бойынша қаржыландырудың орталықтандырылған есебі жоқ. Тіпті бұрын оқудан шығарылған адамдарға грантты қайта беру фактілері анықталған. Оның жалпы сомасы 85 миллион теңгеге жуық”, – дейді палата мүшесі.

Палата мүшесінің сөзінше, қазір елімізде 625 мыңнан астам студент білім алады. Ал мемлекеттік гранттар саны 77 мыңнан асады. Алайда тексеріс нәтижесінде салада бірқатар жүйелі мәселелер анықталыпты.

“Соңғы жылдары қабылданған стратегиялық құжаттар тұрақсыз болған. Олардың көбі мерзімінен бұрын күшін жойған. Сонымен қатар талаптар күшейтілмей, керісінше жеңілдетілген. Мысалы, бұрын QS әлемдік рейтингінің ТОП-200 қатарына 3 университет енгізу жоспарланса, енді бұл көрсеткіш ТОП-700 деңгейімен шектелген. Ал жұмысқа орналасу көрсеткіші 75%-дан 40%-ға дейін төмендеген”, – дейді Тілеген Каскин. 

Тілеген Каскиннің сөзінше, аудит барысында жоғары оқу орындарына жүйелі мемлекеттік бақылау жүргізілмегені анықталды.

“Негізгі ақпараттық жүйелер бір-бірімен байланыспаған, деректердің көбі қолмен енгізіледі. Соның салдарынан кейбір талапкерлер шетелдік университетер арқылы ҰБТ талаптарын айналып өткен”, – дейді палата мүшесі.

Тілеген Каскиннің сөзінше қазіргі аккредиттеу жүйесінде нақты нәтиже емес, қағаз жүзіндегі көрсеткіштер басым. 

“Бағалаудың 80%-ға жуығы ЖОО-лардың ішкі процестеріне беріледі. Ал жұмыс берушілердің пікірі мен түлектердің жұмысқа орналасуы небәрі 5% ғана ескеріледі. Көптеген білім беру бағдарламалары формалды сипатта қалып отыр. Практикалық дайындық әлсіз, оқу жоспарлары заман талабына толық сай емес”, – деді палата мүшесі. 

Жоғары аудиторлық палата мүшесі оған қоса бөлінген гранттар тақырыбына да тоқталып өтті. Оның айтуынша, кейбір мамандықтарға бөлінген мыңдаған грант сұраныссыз қалған.

“Мысалы, жыл сайын 20 мың IT маман дайындалса, олардың тек 30%-ы ғана өз саласы бойынша жұмысқа орналасады. Бұл гранттар санына ғана қатысты мәселе емес. Сонымен қатар болжау сапасына, білім беру бағдарламаларына және жұмыс берушілермен өзара байланысқа да қатысты”, – деді Тілеген Каскин. 

Ал міндетті жұмыспен өтеуден жалтару схемалары салдарынан мемлекетке келген залал шамамен 10,8 миллиард теңге болған.

Оған қоса инфрақұрылым мәселесі де айтылды. Тілеген Каскиннің сөзінше, елімізде студенттік жатақханаларда 10 мыңнан астам орын жетіспейді.

Ал кейбір университеттерде студенттерге жағдай жасаудың орнына, әкімшілік қажеттіліктерге (мысалы, көлік сатып алуға) қомақты қаржы жұмсалған.

Аудит “Болашақ” бағдарламасында да бұзушылықтар барын көрсеткен. Мысалы: 

  • талапқа сай келмейтін үміткерлерге 7,7 миллиард теңге бөлінген;
  • 151 стипендия лимиттен тыс берілген;
  • жасанды интеллект бағыты бойынша жоспар орындалмаған.

Жоғары аудиторлық палата қазіргі жүйе нәтиже емес, процесс үшін қаржыландырылып отырғанын айтты.

Айта кетейік, бұған дейін әскерде борышын өтеген қазақстандық сарбаздар жоғары оқу орнына грант алғаны туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 11:18