Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұмыссыздар армиясы": Аймағамбетов елімізде сұранысы жоқ мамандықтарға грант бөлінетінін айтты

маман
Фото: freepik.com

Қазақстанда экономиканың сегіз бағыты бойынша маман тапшылығы сезіліп жатыр. Мұны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оның айтуынша, 2025 жылдан бастап елде QS (Quacquarelli Symonds) компаниясымен бірлесіп зерттеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар HolonIQ платформасы қолданылып, ол талдау жасап қана қоймай, экономиканың қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік береді.

Зерттеудің алғашқы кезеңі еңбек нарығындағы негізгі сұраныс төрт бағытқа шоғырланғанын көрсетті. Олар: деректер, машиналық оқыту, цифрлық инженерия және киберқауіпсіздік.

Сонымен қатар жаңа қабат қалыптасып келеді. Бұл салалық білім мен жасанды интеллектіні біріктіретін гибридті мамандықтар.

“Талдау нәтижесінде Қазақстанда негізгі сегіз бағыт бойынша маман тапшылығы бары анықталды. Ол озық өндіріс, цифрлық технологиялар, таза энергетика, қаржы қызметтері, өмір туралы ғылымдар, қорғаныс, креативті индустриялар және кәсіби қызметтер”, – деді министр.

Жобаның келесі кезеңі студенттерге арналған Learner Platform және жоғары оқу орындарын тексеруге арналған Insights Platform жүйелерін енгізуге бағытталған. Бұл жұмыс төрт университет базасында пилоттық режимде басталады.

“Біздің мақсат жаппай оқытудан деректерге негізделген жеке оқытуға көшу. Бұл мемлекетке кадр саясатын нақты уақыт режимінде басқаруға мүмкіндік береді”, – деді Саясат Нұрбек.

Ал мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов қазір қазақстандықтар арасында сұранысқа ие мамандықтарды жақын уақытта ChatGPT алмастыруы мүмкін екенін мәлімдеді. 

Оның айтуынша, қазір мемлекеттік білім беру тапсырысы үш жылдан кейін қандай мамандықтар сұранысқа ие болатынына жауап бермейді. Өйткені ол жасанды интеллект пайда болғанға дейін қалыптасқан.

“2025 жылы ең жоғары конкурс "Аударма ісі" (16 адам бір орынға), "Халықаралық қатынастар" (13) және "Құқық" (8) мамандықтарына тіркелген. Алайда, дәл осы бағыттарды жасанды интеллект ең алдымен алмастыруы мүмкін. Аудармашылар мен құқық саласындағы төменгі буын мамандары өзгеріске ең бейім. Бірақ бұл мамандықтарға бөлінетін гранттар саны артып жатыр. Ал олардың құрылымы өзгермей отыр”, – деді депутат. 

Депутаттың сөзінше, нақты экономика үшін аса маңызды салаларда кадр тапшылығы байқалады. Атап айтқанда, мал шаруашылығында бір орынға небәрі 0,5 адам. Ал металлургияда 0,07 адам ғана келеді.

Аймағамбетов IT мамандарын жұмыспен қамту мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, бұл сала бұрын "болашақтың мамандығы" саналғанымен, бүгінде жастардың жұмыспен қамтылу деңгейі шамамен 20% төмендеген.

“Демек біз жасанды интеллект кодты өзі жазып жатқан кезде кодерлер армиясын дайындап жатырмыз”, – деді депутат.

Осылайша, қазіргі жағдайда тек кодерлерді даярлау жеткіліксіз. Экономикаға басқа да дағдылары бар мамандар қажет деді депутат. 

Айта кетейік, бұған дейін Еңбек министрлігі ең "қымбат" мамандарды атағаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Дүйсенбі, 27 Сәуір, 2026 11:22