Су тасқыны кезінде адамдардың жоғалып кету фактісі бойынша 7 қылмыстық іс қозғалды – ІІМ
2024 жылдың 18 сәуір күні сенат отырысында ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев су тасқыны кезінде адамдардың жоғалу фактісі бойынша қанша қылмыстық іс қозғалғанын мәлім етті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі
Марат Қожаевтың айтуынша, із-түзсіз жоғалғандардың бірқатарын іздеу шаралары әлі де жалғасып жатыр.
"Бүгінгі таңда жеті қылмыстық іс қозғалды (хабар-ошарсыз кеткендер фактісі бойынша). Олардың бәріне қатысты алдын ала тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Абай ауданында екі адам із-түссіз жоғалып кетті. Іздестіру шаралары жалғасып жатыр", – деді ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев.
Марат Қожаев тергеу органдары барлық хабарсыз кеткендер бойынша қажетті процессуалдық шараларды жүргізіп жатқанын атап өтті.
"Тергеу нәтижелеріне сәйкес оқиғаның қалай болғаны, себептері және бұл жайтқа біреудің кінәсі бар-жоғы анықталады", – деп жауап берді вице-министр.
Айта кетейік, 18 сәуірдегі ахуал бойынша Батыс Қазақстан мен Оралдың сегіз ауданына әлі де су деңгейінің көтерілу қаупі төніп тұр.
Еске салайық, Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында 6 сәуірде жоғалып кеткен 24 жастағы жігіттің денесі табылды. Бұған дейін Жылыой ауданы Құлсары қаласында 48 жастағы ер адамның ұлымен бірге су басқан үйін көруге шыққаны, бірақ оралмағаны хабарланған еді. Кейін олардың көлігі табылған. Трактор жолдан шығып, аударылған делінеді.