Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сапасыз әрі қымбат: Солтүстік Қазақстан облысында тұрғындар көмір бағасының шарықтап кеткенін айтып шағымданды

Солтүстік Қазақстан облысындағы Теріскейде 1 тонна көмір құны 20 мың теңгеге дейін жеткен. Қымбатшылық баспанаcын көмірмен жылытатын тұрғындарды қыспаққа алды. Олар мұндай баға қалтамызға салмақ түсіреді деп отыр. Ал бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті үш тасымалдаушыға қатысты тексеріс бастады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Нұрлан Әбішев мектепте күзетші болып жұмыс істейді. Айына 90 мың теңге табыс табатын жігіт ағасы бір қыста баспананы жылыту үшін 150 мың теңге жұмсайтынын айтады. Оған 5 тонна көмір, 3 текше метр отын алып, көктемге дейін әрең жеткізеді екен. 

"Қатты отынның сапасы нашар, отқа салсаң жанбайды. Сөйтіп, үйіміз де дұрыс жылымайды", – деді ол. 

Қысы қатты өңірде көмір бағасы жаңа жылдан бастап 15% көтеріліп, бір тоннасы бірден 2 мың теңгеге өсіпті. Мәселен, солтүстікте сұранысқа ие Қаражыра мен Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 19 мың теңгеден асады. 



"Көмір бағасы 15%-ға дейін өсті. Ал зейнетақы бар болғаны 7%-ға көтерілді. Бұл зейнеткерлердің қалтасын қағады. Өмірдің қызығын көрмей, қиналып күн кешеміз", – дейді Петропавл тұрғыны Нина Рубанова. 

Ал тасымалдаушылардың айтуынша, қатты отынның бағасын көмір кеніші көтерген. Жеткізу қызметі де арзан емес дейді олар. 

Бәсекелестікті қорғау департаменті аймақта Шұбаркөл, Қаражыра және Майкүбе көмірін сататын кәсіпкерлерге қатысты тексерісті бастағанын жеткізді. 

"Көмір бағасының өсуіне, біріншіден кен орындарында сатып алу бағасының көтерілуі және көмірді тасымалдау бойынша шығындарының артқаны себеп болған. Олардың қатарында теміржол тарифтерінің, көмірді тасымалдайтын локоматив қызметі бағасының өсуі, сондай-ақ жылдан жылға еңбекақы көтеріліп жатқаны бар. Осының бәрі жиналып көмір бағасының өсуіне әкеліп соқты", – деп атап өтті облыстағы бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменті басшысының міндетін атқарушы Аслан Әліпбаев. 

Мамандар үш ай бойы тасымалдаушылардың әрекетіне талдау жүргізбек. Тергеу жұмыстарының нәтижесінде кәсіпкерлердің бағаны негізсіз өсіргені дәлелденсе, оларға қомақты айыппұл салынады.

Талқылау