Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соғыс жағдайы енгізілген Украинада қанша қазақстандық бар – Министрлік жауап берді

Украинада 1,6 мыңнан астам қазақстандық бар, олардан эвакуациялау туралы өтініштер әлі түскен жоқ. Бұл туралы "Интерфакс-Қазақстан" агенттігіне еліміздің сыртқы істер министрлігі мәлімдеген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазіргі уақытта 517 адам уақытша консулдық есепте тұр (елшілік қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері, студенттер, бизнес өкілдері). Тұрақты консулдық есепте 1113 адам бар", – деп жеткізген министрлік.

Ведомствоның мәліметінше, Қазақстан азаматтары негізінен Украинаның Киев, Одесса, Харьков және Львов облыстарында тұрады.

"Қазіргі таңда жағдайды анықтау үшін оннан астам телефон қоңыраулары мен электронды хаттар түскен. Азаматтардан Қазақстанға эвакуациялау туралы өтініштер түскен жоқ", – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Украинада не болып жатыр?

Еске салайық, Владимир Путин бұған дейін Донбасста арнайы операция өткізуге шешім қабылдағанын айтқан еді.



"Қалыптасқан жағдай бізден шұғыл әрі батыл шешім қабылдауды қажет етеді. Донбастағы халықтық республикалар Ресейден көмек сұрады. Осыған байланысты БҰҰ жарғысының 51-бабы 7-бөліміне сәйкес, Федерация кеңесі санкциясымен және Федералдық жиналыста ратификацияланған ДХР және ЛХР-мен жасалған достық пен өзара қолдау туралы келісімді орындау үшін мен арнайы әскери операция өткізу туралы шешім қабылдадым", – деген ол.

Сонымен қатар Ресей басшысы басты мақсат Украинаны оккупациялау емес екенін атап өткен.

Алайда 24 ақпан бейсенбінің таңертеңгі уақытынан бастап Укранинаның бірнеше қалаларында жарылыс болғаны хабарланған. Бұл қалалардың қатарында ел астанасы Киев те бар.

Украина президенті Владимир Зеленский елдің барлық аумағында соғыс жағдайы енгізілгенін мәлімдеді.

Ресей сыртқы істер министрлігі Украинаның әскери инфрақұрылымын, соның ішінде әскери аэродромдарын жарамсыз еткенін жариялады.

Талқылау