Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО-да қалааралық автобустар тоқтады: Облыс орталығына жете алмай жүрген тұрғындар наразылығын білдірді

СҚО-да қалааралық автобустар тоқтап, аудан тұрғындары Петропавл қаласына жол жүре алмай қалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Тұрғындардың айтуынша, автобустар тоқтағалы жұмыс пен оқуға бару қиынға соқты. Соның кесірінен 60 шақырымдық жолға такси құны да аспандап кеткен. Аудан халқы күнделікті қатынайтын автобустарды қайта шығаруды талап етіп, әкімдіктің алдына жиналған. Алайда жергілікті билік мәселені бір күннің ішінде шешіп бере алмайтынын айтады.

Автобус бір аптадан бері мүлдем жүрмей қалған. Оған дейін бір ай бойы бір сынып, бір істеп жүріпті.

“Қызым студент. Қалаға барып-келіп оқиды. Автобус жүрмесе қалай қатынайды? Ешқайда шықпай отырамыз ба?”, – деді Мамлютка қаласының тұрғыны Ирина Иманғұлова.

Осыған дейін ауданнан Петропавлға автобуспен үш жүз теңгеге қатынаса, такси қызметкерлері бағаны бір жарым мыңнан екі мың теңгеге дейін көтеріп жіберді. Қоғамдық көліктер аялдайтын автобекет те жабылып, иесі банкрот болған.

“Балам аутизммен ауырады. Оны аптасына үш рет қалаға емге апаруым керек. Сонда автобус болғанда аптасына үш мың теңге жұмсасам, қазір 12 мың жұмсауым керек. Одан баламды емдеуге ақша керек. Соны билік неге түсінбейді?”, – деді тұрғын Кристина Полякова.

Аудан орталығында қалаішілік қоғамдық көліктердің де тоқтағанына үш жыл болды. Ал қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін бірнеше шақырым жер жүру аудан халқы үшін қиын.

Мамлютка қаласының әкімі автобустардың жиі сынатынын айтты. Сондай-ақ, субсидия ала алмай жүрген кәсіпкер адамдарды арзанға тасуға құлықсыз екенін түсіндірді.

“Қазір субсидия мәселесін шешіп жатырмыз. Оны Петропавл қалалық әкімдігі төлейді. Ол мәселе бойынша Петропавл әкіміне хат жаздық. Олар қарастырып, шешеміз деді. Тезірек шешу үшін барлық шараны қолданып жатырмыз”, – деп мәлімдеді Мамлютка қаласының әкімі Еркін Самарханұлы.

Жергілікті биліктің мәлімдеуінше, жақын күндері облыс орталығына да, қала ішінде де қатынайтын автобустар қайтарылады.

Талқылау