Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Адамдар саналы түрде өз еліне қарсы жұмыс істеп жатыр – Скляр утиль алымын жоюға қатысты

Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр қоғамда қызу талқыланған утиль алымы мәселесіне қатысты сауалға жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат порталы хабарлайды.

Фото: видеодан скриншот

Роман Склярдың айтуынша, алдағы уақытта 50 мыңнан астам дауыс жинаған утиль алымы туралы петиция қаралады. Бірақ әуелі мемлекет мүддесі ескерілуі керек.  

“Расында, бұл мәселе тым саясиланып кетті. Қазір әртүрлі адамдар өз еліне, өз саласына қарсы әрекет етіп жатыр. Қазір Қазақстанда 20 миллион тұрғынға шаққанда 5 миллионнан астам автомобиль бар. Бірақ неге екенін көлігі жоқ адамдардан “Сіз осындай ескі көліктерден бөлінетін зиян газбен демалғыңыз келе ме?” деп ешкім сұрамайды.

Барлық кедергіні, соның ішінде 3 жылдан асқан автомобильдерге тіркеуді алып тастау ескі машиналардың елімізге көптеп жеткізілуіне, экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеліп соғады. Онда біз барлық елден 20, 30 жыл бұрынғы көліктерін алып, олардың базарын босатайық. Олар өздеріне жаңа көліктер алады, бізде бәрі ескі болады.

Әрине популистікпен менікі “жақсы, арзан көлік” деп айтуыма болады. Мәселен, жас жігіт 18 жасқа толған соң, 500 долларға көлік сатып алып, айдап жүреді. Бұл жақсы шығар. Бірақ олар қалған 15 миллион адамнан “сіз осы машиналардан шығатын газды жұтқыңыз келе ме?” деп сұрады ма? Олардың да үні тыңдалуы керек, сондықтан министрлік тиісті шешім қабылдайды”, – деді Роман Скляр.

Сонымен қатар ол Қазақстан ДСҰ-ға кіргенге дейін кедендік баж салығы автокөліктерге 30% болғанын айтты. 

“Қазақстан ДСҰ-ға кіру арқылы өз нарығын ашты. Кедендік баж салығы 15% болды. Дегенмен көлік шығаратын және утиль алымын енгізген Ресей және Беларусьпен біртұтас экономикалық кеңістікте бола отырып, біз бұдан қалыс қала алмаймыз. Олар утиль алымын енгізді, жауап ретінде біз де бұл төлемді енгіздік”, – деді ол.

Ол бұрын арзан несие беруге 100 миллиард теңге бөлінгенін еске салды.

“Утиль алымының бенефициары тек автокөлік өндірушілері деу дұрыс емес. Оның тікелей қолдаушысы – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылымдық еншілес кәсіпорны "Жасыл Даму" АҚ.

Айтпақшы, бізде кәдеге жарату төлемі қазір Ресейден 3 есе төмен, егер Өзбекстанды алсақ, онда утилизациядан басқа 100%-дан астам кедендік баж бар; Өзбекстан өз нарығын біздікінен әлдеқайда кең ауқымда қорғайды”, – деді Скляр.

Айта кетейік, бүған дейін утиль алымы туралы петиция үкіметте қаралатыны айтылған.

Талқылау