"СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы тұтқындалды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "СК-Фармацияның" бұрынғы басшысы 14 тамызда ұсталғанын мәлімдеді. Сот бұрынғы шенеунікті ұстау туралы шешім шығарды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Берік Шәріп ауыр зардаптарға соқтырған COVID-19 пандемиясына байланысты елдегі төтенше жағдай кезінде медициналық мақсаттағы бұйымдарды сатып алу кезінде билікті асыра пайдаланды деген күдікке ілініп отыр.
Кінәнің соңғы дәрежесін сот анықтайды. Басқа мәліметтер жария етілмеді.
Бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет коронавируспен күреске бөлінген қомақты қаржыны ұрлау фактісі бойынша тергеу жүргізіп жатқандығы хабарланған.
Бүкіл ел бойынша "СК-Фармация" дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін фармацевтикалық компаниялар мен медициналық мекемелердің қызметі тексерілуде.
Еске салайық, 10 шілдеде мемлекет басшысының төрағалығымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін ӘМСҚ басшылары Айбатыр Жұмағұлов пен "СК-Фармация" басшысы Берік Шәріп қызметінен босатылғаны белгілі болды.