Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Сіз қандай әкімсіз”: Ақтөбеде тұрғынды кабинетінен жұлқылап қуып шыққан әкім қатаң сөгіспен құтылды

Алдына келген тұрғынды қалай қуғанын журналистке тәптіштеп айтып берген Қандыағаш қаласының әкімі Әдеп жөніндегі кеңесте сөз естіді, қатаң сөгіс алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Stan.kz

Ақтөбе облысында Әдеп кеңесі Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласының әкімі Қазбек Аққайырдың тәртібін қарады. Әкімнің кабинетке келген тұрғынды жұлқылап қуып шыққан әрекеті өрескел және мемлекеттік қызметке нұқсан келді деп бағаланды.

Алғашында “мойындамаймын” деген әкімге өзінің даусын кеңес отырысында тыңдатты.

“Сіздің тіліңізден ешкім тартқан жоқ. Өзіңіз айтқансыз. Сіз лауазымды тұлғасыз. “Мойындамаймын” дегеніңіз өзіңізге жараспайды. Сіз қалай қаланы басқарып жүрсіз? Сіз жұмыс кабинетінде отырсыз, сұрақты әділетті шешіп, түсіндірме беру керек. БАҚ өкіліне “мен шығарып жібердім” деп мақтанасыз. Ол не деген сөз? Құлағымыз, көзіміз бар, естіп отырмыз. Мойындамаймын дейсіз, барып төмпештеп ұру қалды ма? Сайланғаныңызға 1 жыл болды. Аз тәжірибеңіз бар. Кішкентай ауыл әкімі емес, облыстағы ірі қалалардың бірі Қандыағаш қаласының әкімісіз. БАҚ өкілдерімен сөйлесуіңіз жұртқа үлгі болатындай болу керек”, – деді Әдеп кеңесінің төрағасы.

Фото: Stan.kz

Әдеп кеңесінің төрағасы әкімге жұмысын жалғастыруға мүмкіндік беретінін айтты. 

“Егер жұлқылап, оған зақым келсе басқа жауапкершілікке әкелер еді. Біз қазір тәртіптік жауапкершілікті айтып тұрмыз. Әдеп нормалар сақталу керек. Сіз қоғамға мемлекеттік қызметкер осындай деп көрсетіп жатсыз. Басқаларға не үлгі боламыз, не айтамыз. Бұл - мемлекеттік қызмет. Қатаң сөгіс түрінде жаза беру керек. Жұмысын жалғастыруға мүмкіндік берейік. Мұндай жағдай қайталанған жағдайда сізбен қоштасуға тура келеді”, – деді Әдеп кеңесінің төрағасы.



Әдеп кеңесінің мүшелері қатаң сөгіс беруді бір ауыздан қабылдады. Шендіге халықпен жұмыс істеген кезде мұқият болу, қызуқандылыққа салынбау ескертілді.

Айта кетейік, Қазбек Аққайыр 2024 жылдың шілде айында Қандыағаш қаласының әкімі болып сайланды.

Еске салайық бұған дейін, Ақтөбе облысында әкім кабинетіне мәселе көтермек болып келген тұрғынды жұлқылап қуып шығарған. Ол өзін тұрғындардың мазалауынан шаршағанын айтқан. 

Талқылау