"Сыйлықты беріп үлгермедік": Бағлан Әбдірайымов марқұм әкесін есіне алды
“Жігіттер” тобының әншісі, актер Бағлан Әбдірайымов дүниеден өткен әкесін есіне алып, көз жасына ерік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: https://www.instagram.com/baglan_abdraimov_official/
Өнер иесі журналист Әйгерім Сейфоллаға сұхбат беріп, жан сырын ақтарды.
“Әкемнің қазасы қатты әсер етті. Көзінің тірісінде ол кісіні қуантуға тырыстық. Әттеген-ай деп өкінетін кезім сирек. Бірақ туған күні қарсаңында “Асты биік көлік” сұраған. Төрт қарындасыммен ақылдасып, әпермек болдық. Бірақ ол сәтті бұйыртпады. Әкем көп ұзамай дүние салды. Өкініш қалды. Сыйлығын беріп үлгермедік. “Жасы келіп қалған адамның көлік жүргізгені қалай болар екен?!” деп ойлап едім. Ұнатқан көлігін алып беруге жағдай бар, бірақ әкем жоқ”, – деді әнші.
Сондай-ақ құмар ойынға салынып жүргенде әкесінің айтқан ақылын да есіне алды.
“Менің құмар ойынға тәуелді екенімді отбасым білді. Марқұм әкем басқаша көзқарастағы адам ғой. Жүрегі – кең. Ақылға салып, шешім қабылдайды. Ерғали ағам: “Ұлың құмар ойынға салынып кетті, ақылыңды айт” дегенде: “Ойынға кіргенде ақылы болды, сол ақылмен өзі шықсын. Ештеңе айтпаймын” деді. Бар айтқан сөзі осы болды. Маған ренжіп, дауыс көтерген емес. Дүниеден өткенде асқар тауымның шағылғанын сездім. Бұрын бүкіл істе батасымен-ақ бастай беруші едім. Қазір жоғын қатты сеземін”, – деді эстрада жұлдызы.
Еске салайық, өнер иесі құмар ойынға қанша теңге ұтылғанын айтқан еді.