Сиви Махмуди өзін сатып кеткен жігіттердің шоу-бизнесте көтерілуіне жол бермей жатыр
Сиви Махмуди қарамағындағы “Саламат” тобын таратып жіберген еді. Әншінің топта ән салған жігіттерге өкпесі қара қазандай. Айтуынша, жігіттер продюсердің ту сыртынан пышақ сұғып, сатқындық жасаған. Махмудимен келісім-шарт мерзімі аяқталмастан, топтың қос бірдей мүшесі өзге продюсерлерді жағалап кеткен.
Бұл туралы Сиви 31 арнаның “Айта берсін” бағдарламасында айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.
“Бір жылдық шығармашылық кеші, өздеріңіз білесіздер, апаларымыз бен ағаларымызбен керемет дуэттер жаздырдық. Қаншама гастрөлдік сапарлар… Қайрат Нұртаспен, Мақпал апамызбен жүрді. Бәрінің жолын, жатқан жерін, қаражатын өзім төлеп, аға-әпкелеріме, ініме өтініш айтып, концертке қатыстыратынмын. Мысалы, оларды концертке қосып қайтсін? Жолын, бәрін төйлемін деп мойныма жауапкершілікті алып, өтініш айттым. Ол кісілер қосты. Бірақ соны түсінбестен, мені тастап кетті. Мен ешқашан оларға қатты сөйлемегенмін. Мүмкін жұмсақтығым шығар, атақ-дәрежеге жеткеннен кейін, менің арқамда көптеген адамдармен танысып, бәрін үйреніп алып, Сивидің не керегі бар, деп кетіп қалды”, – дейді Сиви.
Махмуди “Саламат” тобымен небәрі 2,5 жыл жұмыс істеген. Осы уақыт аралығында продюсер топқа бірнеше ән жаздырып, бейнебаян түсіріп берген. Одан бөлек, жігіттердің бар жағдайын жасап, пәтер мен көлікпен қамтамасыз еткенін айтады. Осының барлығына кемі 500 мың доллар қаражат кетті, дейді Сиви. Өнер иесі қаражаттың желге ұшқанына өкінеді. Сондықтан да енді ол “Саламат” тобында ән салған жігіттерге өнерде жүруге жол бермеймін деп отыр.
“Жерде жатқан ақша я болмаса еңбек жоқ. Әр істің нәтижесін көргім келеді. Ішіндегі ең суайт жігіт Әлихан Махин Қарақат пен Қыдырәліге кіріпті. Мен ол жігітке қанша жақсылық жасасам да, кірген. Оны маған әкем айтты. Сосын мен Қарақат әпкеге қоңырау шалдым, ол жігіт менің жобамда дедім. Ол кісі: «Ол жұмысқа мен араласпаймын. Бірақ ондай болса, мен алмаймын. Сені сатқан адам, кейін бізді сатып кетпесіне кім кепіл?” деді. Кейін Эльдар Омаров деген жігіт Бауыржан Есебаев ағамыздың «Меломен» тобына кіргісі келіп, кастингтен өтіп, киім алып, әндер жазылып жатқан кезде мен естідім. Ренжіп, Бауыржан ағаға телефон шалдым. Бәрімен қарым-қатынасым жақсы ғой. Эльдар Бауыржан ағаға менің жобамнан шығып кеткенін айтыпты. Бірақ бізде әлі келісім-шарт аяқталған жоқ. Бәрін түсіндірдім, Бауыржан аға да оны бірден шығарып тастады. Мен ол жігітпен енді жұмыс істей алмаймын, бірақ келісім-шарттың мерзімі аяқталғанша мен оған жұмыс істеуге мүмкіншілік бермеймін”, – дейді Сиви.
Махмуди келісім-шарт аяқталмаса да өзін сатып кеткен жігіттерді заң жүзінде жазаламағанын айтады. Алайда кеткен ақша қайтарылмаса, сотқа баруға мәжбүрмін дейді Сиви.
“Мен әлі оларды сотқа берген жоқпын. Заң бойынша егер сотқа берсем, оларды аяймын. Өйткені шыны керек, түгі жоқ. Көзіммен көргеннен кейін, алатын дүниесі болмағаннан кейін, олардың ата-анасын жылатқым келмейді.
Ал өздеріне жол бермей жатырмын. Өйткені ол менің еңбегім. Қаншама қаражат, қанша уақытым кетті. Оларға сәлем де жолдағым келмейді. Көңілім қатты қалды. Соңғы рет оларға жазған хатым: «Үш баланың анасын ренжіттіңдер. Өздеріңнің аналарың бар емес па? Ертең өздеріңнің де алдарыңа келеді».
Сиви «Саламат» тобының экс-әншілеріне өкпесінің қара қазандай екенін атап өтті.
«Қатты ренжулімін, мен оларды ешқашан кешіре алмаймын. Көргім де келмейді. Лайым бақытты болсын. Жаманшылық тілемеймін, ондайдан Құдай сақтасын. Бірақ көзіме көрінбесін, келмесін мүлдем», – деп түйіндеді сөзін ол.
Тағы оқыңыз:
Әнші Санда тұрмыста болғанын мойындады
Екеуі мені жеп қояды: Қайрат Нұртас анасы мен жұбайының қарым-қатынасы жайлы айтты
Ұлын аузымен тамақтандырған Қайрат Нұртас желіде қызу талқыға түсті (видео)
Аша Матай атышулы Замира жайлы: Оның шынайы өмірдегі болмысы сондай