Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сирия қауіпсіздік күштері жүздеген бейбіт тұрғынды өлтірді деп айыпталды: Құрбандар саны артып келеді

Сирия қауіпсіздік күштеріне Сирия жағалауындағы алавит азшылығына жататын жүздеген бейбіт тұрғынды өлтірді деген айып тағылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі BBC-ге сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: AP/Omar Albam

Бақылаушылардың мәліметінше, қарулы құрылымдардың мүшелерін қосқанда құрбан болғандардың жалпы саны мыңға жетті.

Ұлыбританияда орналасқан Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығы (SOHR) жұма және сенбі күндері алавиттерге 30-ға жуық шабуыл жасалып, салдарынан 745-ке жуық бейбіт тұрғын қаза тапқанын мәлімдеді. 

Сондай-ақ жүзге жуық адам өз үйлерін тастап кеткені туралы ақпарат бар. 

Алавиттер – шиіттік исламның бір тармағы саналатын діни конфессия. Сирия халқының шамамен 10%-ы алавиттерге тиесілі. Сириялықтардың басым бөлігі сүнниттік мұсылмандар.

Сирия телеарнасының хабарлауынша, бейсенбі күні биліктен қуылған Башар Асад режиміне қатысы бар қарулы адамдармен қақтығыста сириялық қауіпсіздік күштерінің кемінде 13 қызметкері қаза тапты.

Қақтығыс Асад әулеті кіретін алавит қауымының жүрегі саналатын жағалаудағы Латакия маңындағы Джабла аймағында басталды.

Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығының мәліметінше, соңғы екі күнде мыңнан астам адамның қаза тапқан. Сондай-ақ Сириядағы көтерілісшілер Асад режимін 2024 жылы желтоқсанда құлатқаннан кейінгі жаппай және ең сорақы зорлық-зомбылық болғанын айтты.



Қаза тапқандардың арасында бейсенбіден бері жағалаудағы Латакия мен Тартус провинцияларында соғысып жатқан жаңа үкімет күштерінің ондаған мүшелері мен Асадқа жақтасатын қарулы адамдар бар.

Сириядағы адам құқықтарын бақылау орталығының есебіне сенсек, қақтығыс кезінде исламшылдар басқаратын үкіметтік қауіпсіздік күштерінің 125-ке жуық мүшесі мен Асадты қолдайтын 148 жауынгер көз жұмды.

Бір күн бұрын сириялық 340 бейбіт тұрғынның қауіпсіздік күштерінің қолынан қаза тапқаны туралы ақпарат тараған еді.

Бұған дейін Сирияда жекелеген топтардың құрамында отанына оралғысы келмейтін 30-дан астам қазақстандық барын жазған едік.

Талқылау