Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері жеті ауыл әкімінен ақша боспалаған
Бас прокуратура Түркістан облысында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің ауыл әкімдерін қорқытып, ақша бопсалағанын мәлімдеді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің өкілдері Жетісай ауданының әкімшілігін тексерген. Кейін ауылдық округ әкімдерін қылмыстық жауапқа тартумен қорқытып, олардан ақша талап етіпті.
“Олардың талаптарынан кейін әкімшілік қызметкерлері тексерушілерге тексерістің оң шешілуі үшін 400 мыңнан 630 мың теңгеге дейін қаражатты беріп, пара беру дерегі бойынша ұсталған. Нәтижесінде 7 ауылдық округтің әкімдері мен әкімшіліктің 1 есепшісі соттармен әртүрлі мерзімге бас бостандықтарынан айыру және айыппұл түріндегі жазаларға тартылған”, – делінген хабарламада.
Бас Прокурордың наразылығымен Жоғарғы Сот оларды толығымен ақтап алған. Сондай-ақ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдерінің іс-әрекеттерінде тікелей арандатушылық бар екенін анықтапты.
“Өз кезегінде, 2 жедел өкілге қатысты Қылмыстық кодектің 362-бабы 4-бөлігімен (Билiктi және лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған. Тергеп-тексеруді Бас прокуратураның арнайы прокуроры жүргізіп, кінәларын толығымен дәлелдеп, қылмыстық іс сотқа жолданған”, – деп қосты прокуратура өкілдері.
Нәтижесінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің бұрынғы 2 жедел өкілі арнайы шендерінен айырылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Сондымен қатар жәбірленушілердің пайдасына моральдық залал өндірілді. Үкім заңды күшіне енген жоқ, ал сотталушылар шағым түсірді.
"Үш сағат істейтінді бізде он минутта бітіреді": Германиядағы қазақ дәрігері сүндеттеу ісінде Қазақстан қалай алға кеткенін айтып берді