"Дубайға ұшып кетпек болған": Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Қайрат Сатыбалдының ісі туралы айтты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы Олжас Бектенов "Қазақтелеком" АҚ-тың бұрынғы басшысы Қайрат Сатыбалдыұлы Алматы әуежайы аумағында ұсталғанын растады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік басшысы Олжас Бектенов "Қазақтелекомдағы" ақша жымқыру туралы істің мән-жайын айтты.
"Қылмыстық іс "Қазақтелеком" АҚ қаражатын жымқыру дерегі бойынша тергеліп жатыр. Біз кеше таратқан ақпарат негізінде ғана айта аламыз. Бірақ белсенді тергеу әрекеттері енді басталды. Сондықтан күтейік. Сома белгіленеді, бірқатар эпизод бар. Менің ойымша, біз тиісті сараптамалық тергеу жүргізгеннен кейін соманы атаймыз. Бірақ миллиардтаған қаражат бар деп айта аламын", - деді Олжас Бектенов.
БАҚ өкілдері Бектеновтен Қайрат Сатыбалдыұлы шынымен ұшақта ұсталды ма деп сұрады.
"Иә, ол Алматы әуежайы аумағында ұсталды. Біздің ақпарат бойынша ол Дубайға ұшып кетпек болған. Бұлтартпау шарасы әлі таңдалған жоқ. Қазіргі уақытта ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында сот қандай дәлелдер мен бұлтартпау шарасын анықтайтынын қараймыз", - деп толықтырды сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысы.
Сондай-ақ Бектенов қазір Алматы мен астанада "Қазақтелеком" кеңселерінде тінту жүріп жатқанын атап өтті.
Ал "Қазақтелеком" басшысы Қуанышбек Есекеевтен куәгер ретінде жауап алынған. Ол қазір өзінің жұмыс орнында.
Еске салайық, кеше Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Қазақтелеком" АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және қаражатын аса ірі мөлшерде ұрлау дерегі бойынша қылмыстарды жасады деген күдікпен Қайрат Сатыбалдыұлыны ұстап, уақытша ұстау изоляторына қамады.