Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев: Жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық ахуал жөнінде кеңесте бірқатар шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

тоқаев

Президент соңғы кезде коронавирус жұқтырғандардың саны күрт артып кеткеніне алаңдаушылық білдіріп, шұғыл түрде шара қабылдау керектігін айтты.

“Күн сайын 5 мыңнан астам науқас тіркелуде. Бір апта бұрын осы мәселені Үкіметтің кеңейтілген отырысында қарастырдық. Сол кезде Үкімет ахуалды бақылауда ұстап отырмыз деп мәлімдеген болатын.

Бірақ, өкінішке қарай, жағдай жақсаратын емес. Керісінше, эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Әсіресе елордадағы жағдай өте күрделі. Өңірлердің басым бөлігі қызыл аймақта. Ауыр және аса ауыр жағдайдағы науқастардың саны күн сайын көбейіп барады.

Ең өкініштісі, азаматтарымыздан айырылып жатырмыз. Сондықтан шұғыл түрде іс-шараларды қолдануымыз керек. Тиісті жұмыс жоспарын дайындап, оны міндетті түрде іске асыруымыз қажет”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықты вакцинациялаудың маңыздылығын атап өтті. 

“Біздің ең өзекті мақсатымыз – вирустың таралуын тоқтату емес. Әлемдік тәжірибе мұның мүмкін емес екенін көрсетіп отыр. Ең бастысы – аса ауыр науқастардың көбеюін болдырмау, адам өмірін сақтау. Сондықтан, оның бір ғана жолы бар. Бұл – жаппай вакцинация, екпе салу”, – дейді мемлекет басшысы. 

Мемлекет басшысы жаппай құрбандық шалу шараларын болдырмау керектігін айтты. 

“Ертең бүкіл мұсылман қауымы үшін қасиетті Құрбан айт мерекесі басталады. Елде күрделі ахуал қалыптасып отыр. Сондықтан біз жұрттың құрбандық шалатын жерлерде жаппай жиналуын болдырмауымыз керек”, – дейді Тоқаев. 

Үкімет пен әкімшілікке санитарлық талаптардың қатаң сақталуын қадағалау тапсырылды. 

“Жағдайды одан бетер ушықтырып алуымыз мүмкін. Үкімет пен әкімдер осы мәселені ерекше бақылауда ұстауға тиіс. Құрбан айтта инфекциялық қауіпсіздікті барынша қамтамасыз ету қажет”, – дейді Тоқаев. 

“Еліміздің әр азаматына айтарым: денсаулықты сақтаңыздар, туған-туыстың, отбасының амандығын ойлаңыздар! Ал үкімет пен өңір басшылары белгіленген міндеттердің бәрін мінсіз атқаруы тиіс”, – дейді мемлекет басшысы. 

Талқылау