Қылмыстық топ ақша бопсалаған: Президент Щучинсктегі студенттің өліміне кінәлілерді жауапқа тартуды тапсырды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Щучинск қаласында болған студенттің өліміне қатысты істі өз бақылауына алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Tirazh.kz Instagram-парақшасы
Марқұмның анасы ұлына физикалық және психологиялық қысым жасалғанын алға тартып отыр. Сөзінше, қаладағы ұйымдасқан топ Роман Бодаговтан ақша бопсалаған.
"Мен, марқұм Бодагов Романның анасы, ұлымның өліміне қатысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ІІМ басшысына үндеу жолдап, баламды бірнеше рет бопсалағаны туралы ақпаратты жария еткім келеді. Біздің қалада ұйымдасқан қылмыстық топ бар. Ұлым Романнан ақша сұрап, психологиялық және физикалық қысым көрсеткен. Бұл топтың басында Ахметов Әділхан тұр деп ойлаймын, ол және оның жанындағылар баламның ақша талап еткен", – дейді әйел.
Айтуынша, ұлы 5-нен 6 қазанға қараған түні үйден шығып кеткен. Ал жарты сағат өткен соң мәйіті темір жолдан табылыпты.
"Осы секілді бопсалаудың құрбаны болған басқа да студенттерді білемін. Бірақ олар бұл туралы айтудан қорқады. Мемлекет басшысынан бұл істе көмектесуін сұраймын. Жағдайды бақылауына алып, кінәлілерді жазаласын", – деп қосты марқұмның анасы.
Көп ұзамай президент аталған жағдайды бақылауына алып, ІІМ басшысына тапсырма берді.
"Мемлекет басшысы Ішкі істер министріне Ақмола облысының Щучинск қаласында болған студенттің өліміне қатысты барлық мән-жайды жан-жақты тексеруді тапсырды. Кінәлілер заң талаптарына сай жауапқа тартылуы керек. Президент бұл мәселені ерекше бақылауға алды", - делінген Ақорда хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, 7 қазанда Ақмола облысында теміржол рельстерінен студенттің мәйіті табылған еді. Роман Бодаговтың денесі Бурабай-Жамантұз курорты аралығындағы теміржол жолдарынан табылған. Ол жоғары техникалық колледждің 4-курс студенті болған.