Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр кірпішін өзім қаладым": Өзбек ұлтының өкілі үш тілде білім беретін оннан аса мектеп пен балабақша салған

Низамхан Сулайманов – Шымкент қаласында тұратын өзбек ұлтының өкілі. Жасы 72-ге келсе де қоғамдағы белсенділігімен таңғалдырады. Бүгінде оннан аса білім беру ұйымдарын тұрғызып, Қазақстандағы оқу сапасының артуына үлесін қосып жүргендердің бірі. Низамхан Сулаймановтан не себепті қазақ тілінде білім беретін оқу орындарын ашқанын және қазақ тілін қалай үйренгенін сұрадық.

Низамхан Сулайманов, жеке архивтен

Низамхан Сулайманов 1950 жылы Шымкент қаласы Сайрам ауылында дүниеге келген. Сөзінше, 3 мың жылдық тарихы бар елді мекенде өзбектер көп тұрады. Оның ата-анасы да кезінде Қазақстанда өмір сүрген азаматтар.

“Ауылда өзбектер көп болды. Құтты мекенде тудым, Қожа Ахмет Ясауидің әке-шешесі де біздің ауылда жерленген. 1964 жылы №19 Пахтакор атындағы сегіз жылдық мектепті бітіріп, содан соң Шымкент қаласындағы А.Науаи атындағы №16 орта мектептің 9-сыныбына қабылдандым. Мектепті үздік бітіріп, 1967-1972 жылдар аралығында Өзбекстан Республикасындағы Самарқан қаласында сәулет-құрылыс институтының инженер-құрушы мамандығы бойынша жоғары білім алдым”, – деп есіне алады ол жастық шағын.

Айтуынша, мектеп қабырғасында жүріп, қазақ тілі сабағын жақсы оқыған. Одан бөлек, орта, жұмыс, оқу барлығы тілді жақсы меңгеріп алуға себеп болған. 

Низамхан Сулайманов, жеке архивтен

Еңбек жолын Низамхан Сулайманов 1974 жылы Шымкент қаласындағы "РСУ-1" құрылыс басқармасында бетоншы болып бастаған. Ең қызығы 50 жылдық еңбек жолында қарапайым бетоншы лауазымынан шебер, прораб, бас инженер, басқарма бастығы лауазымына дейін көтерілген. Ол көбіне Оңтүстік Қазақстан және Шымкент қаласындағы көптеген құрылыс нысандарын құру және қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысқан. 



“Еңбегі сіңген құрылысшы деген атағым бар. 50 жыл жұмыс істедім осы салада. 30 жыл бір құрылыс мекемесінде қызмет еттім, басшыға дейін көтеріліп, ол лауазымда 20 жыл істедім, кейін 2012 жылы зейнетке шықтым. Осы кезде мектеп мен балабақша салу туралы ой келді”, – дейді Низамхан мырза.

Жұбайы, отбасымен бірге қазір де Шымкент қаласында тұрады. Төрт ұл, үш қыз, 24 немере, 4 шөбере тәрбиелеп отырған жайы бар.

Низамхан Сулайманов зейнеткерлікке шыққан соң балабақша мен мектептер соғу туралы толыққанды ойлана бастағанын айтады. 

“Сегіз балабақша, төрт мектеп салынды. Ақпан айынан бастап 2 жекеменшік мектептің құрылысын бастадық. Қыркүйек айында іске қосылады. 1200 орындық мектепте балалар үш тілде оқи алады: қазақ, орыс, өзбек”, – дейді.

Низамхан Сулайманов, жеке архивтен

Низамхан мырзаның жұбайы 45 жыл мектепте мұғалім болған. Зейнеткерлікке шыққан жұбайына оқу орындарын салу идеясын ұсынған да өзі екен.

“Тойхана, дүкен салғанша білім ордаларын сал деді. Содан соң бастап сала бастадым”, – дейді Низамхан мырза. 

Бүгінде 8 балабақша, 4 мектеп салынған. Балабақшада 5 мың бала тәрбиеленіп жатса, мектептерде 8 мың оқушы оқиды. Биыл облыста тағы 4 жеке мектептің құрылысы басталған. Биыл құрылысты 1 қыркүйекке дейін аяқталады.

Ал 1200 орындық балабақша - еліміздегі ең үлкен балабақша. Сондай-ақ Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылында 2200 орындық орта мектеп орналасқан. Сулаймановтың сөзінше, ол Назарбаев университетінің жобасы бойынша салынған. 

“Мектепте мәжіліс залы, кітапхана, спорт залы және 450 орындық асхана бар. Тегін үйірмелер де бар. Сабақтарын үздік оқыған оқушылар шәкіртақы алады. Мектептер жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі бойынша жұмыс істейді, бұл бюджет қаражатын тиімді пайдалануға сеп болмақ”, –  дейді инвестор.

Низамхан Сулайманов, жеке архивтен

Низамхан Сулайманов мемлекеттік бағдарлама арқылы жекеменшік құрылыс нысандарын салуға мүмкіндік алғанын айтады. Алайда мектептерді салу мен барлық қажеттімен қамтамасыз етуге өз қаражатын жұмсаған. 

2010 жылы Низамхан Сүйлейменов алғашқы жекеменшік мектебінің негізін қалаған. 

Бүгінде барлық балабақшаларда 5 мыңнан астам бала тарбиеленуде. Жекеменшік балабақша және мектептерімде бүгінгі таңда 2 мың адам жұмыспен қамтылып, 15 мыңнан астам бала білім алуда. Не себепті оқу ордаларын салуды қалдыңыз деген сұрағымызға кәсіпкер болашақ білімнен басталатынын айтады.

“Балаларды жақсы көремін. Мектепте, балабақшада тәрбиеленіп жатқан балалар – еліміздің болашағы”, – дейді Низамхан Сулайманов.

Қазақ тілін Қазақстан сияқты түрлі ұлттар тұратын мекенде үйренудің маңыздылығы туралы да Низамхан Сулайманов айтып өтті.

Тағы 1200 орындық екі мектеп қыркүйек айында ашылады деп жоспарлануда. Мектептерде 1- 11-сыныптар аралығындағы сыныптар білім ала алады.

“Қазақстанда 8 мектепке дейін салған азаматтарды кездестіргенім жоқ. Сондықтан мен алғашқылардың бірімін деп айтсам артық емес шығар. Фундаменттен бастап өзім құйып, кірпішін қаладым. Совет кезінен бастап құрылысшы болдым, 25 жасымнан бастап мектеп салдым. Жекеменшік құрылыс компаниясын ашып, 2010 жылы алғашқы балабақша кірпішін қаласам, ал 2018 жылы мектептерді салуды бастап кеткем.

“Әйелім мұғалім қызметінде болды, қазір зейнетте, әлі де төрт балабақшаның меңгерушісі болып отыр. Төрт ұлым құрылысшы, қыздарым осы балабақшаларда қызметте. Балаларым қазақша өте жақсы біледі. Тіпті кейде қазақша жазылып тұрған жерлерде қателіктерін көріп, тауып жүреді. Өзім грамматикасын жақсы білмесем де, балаларым тамаша меңгерген.

Әрбір Қазақстан азаматы қазақша білуі керек. Себебі тіл қиын емес, өте оңай. Білуі тиіс, сөйлеуі тиіс, жазуы тиіс. Ал өзбек тілімен қазақ тілінің ұқсастықтары тіпті көп. Өзім қазақ тілін бір-екі айда меңгеріп алғанмын”, – дейді Низамхан Сулайманов. 

Бүгінде Низамхан Сулаймановке Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының құрметті азаматы атағы берілген. Сондай-ақ ол Құрмет орденінің иегері. 

Низамхан мырзаның жобаларын көруге Шымкенттен арнайы әкімдер мен министрлер келіп, алғыстарын білдірген екен. Сондай-ақ, ел ағасының 2011 жылы “Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдық" медалі және "Үздік құрылысшы" төсбелгісімен, 2014 жылы "Құрмет" ордені, Халықтар Ассамблеясы қоғамдығының "Бірлік" алтын медалі сияқты марапаттары бар.

Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2026 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы құжатында халық құрамы ішінде өзбектер – 3,29%-ды құрайтыны белгілі болды. Онда қазақстандықтардың ұлттық құрамы туралы дерек те бар. Биыл 1 қаңтардағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 19 миллион 122 мың адамға жетіпті.

Талқылау