Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақ екенін өлерінде айтқан": Диорды сүйсіндіріп, музасына айналған қазақ қызы жайлы не білеміз?

Сән әлемінде аты ойып тұрып орын алар, бүгінде брендтер арасында топ жарып тұрған Кристиан Диор (Christian Dior) болса, сәнгердің музасы қазақ қызы болған дейді. Мұны қазақстандық БАҚ бірнеше жыл бұрын ғана жарыса жаза бастады. Оған себеп Францияда тұратын дипломат Берлин Иришев зерттеуіне негізделген кітап пен деректі фильмнің шығуы. Осыдан бастап қазақстандықтар Диорды тамсандырған қазақ қызы жайлы білді. Отандасымызбен сән әлемінде атағы жер жарған қазақ қызы Алла Елшін мен оның жұмбақ ғұмыры туралы сөйлестік. 

Берлин Иришев – қазақстандық дипломат, мансап жолында ірі лауазымды қызметтер атқарған. Францияға дипломаттық қызметпен кетіп, кейіннен сонда қалып қойған. Ал сән әлеміндегі қазақ қызының образын бар әлемге паш еткен Алла Елшіннің тарихын ақтаруы кездейсоқтықпен басталған дейді. Десе де Берлин Иришев мұның бәрін тағдырмен байланыстырады, Алланың рухы мықты, өзін қолдады деп түсіндіреді.

 https://allailchun.com. Берлин Иришев, “Алла — восточная жемчужина Dior" фильмі бойынша сұхбат кезінде

“Бұл бір кездейсоқ оқиға болды. Жексенбі күні далаға қыдырып шыққанмын, Алланың портретіне тап болдым. Сатушыдан сұрасам кім екенін білмейді екен. Оған дейін желіге осындай қазақ қызы бар екен деп жазған болатынмын. Әлгі суретті көргенімде киіміне, көз қарасы қазақтың қызы сияқты көрінді. Франциядағы қазақтар қауымдастығындағы жолдастарымды шақырып, үйімдегі портретті көрсеттім. Оларға былай дедім: “басты шаруам, осы портертте кім бейнеленгенін анықтау”. Менің ойымша, осы біздің Алла дедім оларға. Содан соң Диордың кітаптарын қарап, одан Алланың бірнеше фото суреттерін таптық. Портретпен салыстырсақ, сәйкес келіп тұр. Енді оның кім, қайдан шыққанын зерттеу керек еді, ал бұл туралы ешқандай ақпарат болмады”, – деп есіне алады Иришев.

https://allailchun.com/

Өлер алдында ғана қазақ екенін айтқан

Осы уақытқа дейін Алла Елшінді барлық ресми құжаттар мен тарихи деректерде қытайдың қызы деп жазған екен. Англия, Бразилияға барған визаларында “chineese” деп жазылған. Осылайша деректерді, архивтерді ақтара келе Берлин мырза мен оның басқа да көмекшілері Алланың түбі қазақ екенін, Қуанхан есімді азаматтың қызы екенін анықтаған.

“Қазір мен бұл кісінің кім екенін айтпасам, зерттемесем, ешкім зерттемейтінін білдім. Алланы білетін адамдарды іздеу керек етін. Бұл, әрине, қиын болды, бірақ мұндай адамдарды таптық. Кітап жаздық, содан соң фильмін қойдық. Фото суреттерін сатып алдық, олардың әрбірі қымбат тұрады. Фильмде подиумда қалай жүргенін көрсету үшін жеті елден кинохроникасын тауып алдық. Бразилия, Жапония елдерінен құнды кадрларды сатып алып, қостық. Кейін Dior брендінің өзі маған алғыс айтып, хат жазды. “Алланы ұмытып кетіппіз, музасы ретінде брендтің атына мәңгіге кіргіземіз” деді. Осылайша “Dior Heritage” атты брендтің тарихи мұрасына кіргіздік. Қазір онда Алла туралы қазақтың қызы екені жазылып тұр. Бренд өз кезегінде “Алланың жұмбағы” атты кітапты дүниежүзі бойынша тарататынын айтты”, – дейді жоба авторы.



Қазір Берлин Иришевтің ресми түрде Dior серіктесі деген статусы бар. Сөзінше, мұндай мәртебеге ие болған қазақтар жоқтың қасы.

Берлин Иришев зерттеуге негізделген кітабының француз тіліндегі нұсқасы 2021 жылы оқырманға жол тартты. Кітаптың ағылшын тіліндегі нұсқасы да жақын арада шығады деген жоспар бар. Тұсаукесері қараша және желтоқсан айларына жоспарланып отырған көрінеді. Сондай-ақ, Алла Қытайдан келгендіктен енді қытай тілінде де кітаптың нұсқасы шығу жоспарда бар.

https://allailchun.com/

Ең қызығы, Иришевтің өмірі мен қазақ қызы арасындағы “тағдыр сәйкестігі” мұнымен бітпеген. Зерттеу жүргізу кезінде Алла Елшін ұлын дүниеге әкелген аурухананың орнында қазір өзі тұрып жатқанын білген.

“Қазіргі менің 1965 жылы салынған үйім бұрын жекеменшік емхана болған екен. Осы мекемеде Алла өзінің Марк есімді ұлын босанған. Міне, тарих деген.. Алланың портреті де осында ілулі тұр. Алланың аруағы өте күшті ғой, шіркін”, – дейді зерттеуші.

Қазақ қызы Диорды несімен сүйсіндірген?

Берлин Иришевтің сөзінше, Алла Елшінді сәнгердің музасы атауының да себебі бар. Зерттеу жүргізу барысында Иришев архивтерден Алланың есімі аталатын мақала тауып алған. Сондағы деректерге сүйенсек, Елшін расында да әлемдік сәнгер тәнті болған сәнбике болған көрінеді. Берлин Иришевтен қазақ қызының қандай болғанын, болмысы мен мінезі жайлы тың ақпараттарды сұрадық. 

“2017 жылы француздық “l'officiel” журналында бір мақала шығады. Бұл мақала 1947 жылы құрылған “Dior үйінің” 70 жылдығына байланысты. Оның атауын "Диордың музалары кім болған?" деп қойыпты. Диордың қасында жанына шабыт сыйлайтын музалары жүрген деседі.  Бұл – тарихта қалған нәрсе.
Бес арудың аты айтылған, ал солардың ішінде бірінші орында Алла тұр. Алла – білімді, нәзік болған екен. Диордың айтуы бойынша, ол өмірге “маникен” болып келген. Тумысынан “маникен”, яғни туабітті сәнбике дегені, бізше модель. Подиумға шыққан уақытта бүкіл жұрттың назарын өзіне аударып алатын қасиеті болған көрінеді. Мұндай қасиет көп адамға берілмеген. Бұлардың барлығы менің сипаттауым емес, Диордың өзінің айтқандары.

Кейіннен біз мұрагерлік департаментімен осы мәселе турасында сөйлестік. Олар басында муза деген атауға бірден келісім бермеді. Айтпақшы, 17-18 маусымда Лондонда “Silk Road Fashion” шоуы болады, оған қазақтар да келеді. (Сұхбат шара болғанға дейін алынды -авт.) Осы уақытқа дейін бұл шоу 3 рет болған: 1950, 1954, 1958 жыдары. Елизавета патшаның, Маргарет ханшайым шақыруымен ұйымдастырылған шоу туралы ағылшын газеттері, тіпті Австралияға дейін жазған. Сондағы барлығының таңғалатындары Алла болатын. Екі мың адам қатысқан шоудағы дефилені бастайтын да – Алла.  Алла бұл шоулардың нағыз жұлдызы болған. Осы ретте Dior бренді де еңбегімізді мойындап, бізге барлық іс шараңызды қолдаймыз деп хат жазды”, – дейді жоба жетекшісі.

https://allailchun.com/

Алла Елшін бес тілде сөйлеген

Диордың өзінің айтуы бойынша, Алла бес тіл білген. Қазақ қызының білген тілдерінің қатарына: ағылшын, неміс, итальян, француз және орыс тілі кіреді. Алайда ол тарихи тілі қазақ тілін білмеген көрінеді. Себебі он жасында Францияға көшіп кеткен.

“Тіпті өзі сол елде туғандай сөйлеп, жақсы меңгерген. Харизмаға бай еді, пианинода ойнап, тіпті балетті меңгерген, экзотикалық, ерекше сұлу қыз болған. Подиумда қалай жүргеніне дейін біздің фильмде айтылады.

Дерек үшін Диордың көмекшісін тауып алдық. Кітабымды оқысаңыз, бір журналист критик: “Алла сахнаға шыққан сәтте, мен шалқамнан түсіп, құлап қалатындай күйде болатынмын” деп айтатыны бар. Италияның, Францияның сәнбике қыздары сүйіспеншілікпен, қызғанышпен қарайтынын көргенін де айтады”,– дейді Иришев.

Әкесі қазақ зиялысы да болуы мүмкін

Алланы анасы 16 жасында туған. 15 жасында Татьяна есімді ару біздің Қуанхан Елшін деген қазақ азаматына тұрмысқа шыққан. Кейін Парижде екінші рет тұрмысқа шыққан.

“Әкесіне қатысты бір қағаз қолыма түсті. Әлгі жерде қағаздың ең төменгі бөлігінде 1897 жылы Верныйда туған деп жазылған екен. Осылай әкесінің туған жылын таптым. Алланың ұлынан қолмен жазылған жазу кімдікі екенін сұрадым. Бұны жазған Алланың екінші әкесі екен. Белгиялық азамат, ғалым болған. Осылай тарихты қасықтап жинадық”, – дейді зерттеуші.

Әкесі Қуанхан Елшінге қатысты, Карлагта қайтыс болған деген деректер де бар екен. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келетінін Берлин мырзадан сұрадық. Ол өзінің Карлагпен де байланысқа шыққанын айтады. 

“Кеңес үкіметі Харвинде жүрген Кеңес адамдарының барлығын сатқын, қытайша сөйлейді деген айыппен Карлагқа жібереді. Ол жерде Елчун деген текпен бірнеше адам шықты, бірақ туған жылдары басқа. Дәл Қуанхан туған жылы дүниеге келген, бір тектес адам табылмады.

Екінші бір болжам бойынша, жапондықтар Харвинді жаулап алған соң, оны Жапонияға айдап кетуі де мүмкін. Тағы бір нұсқа бойынша, Харвиннен кетіп, қайта келді. Сол жердегі әскери мектепте түрі қазаққа ұқсас кісі қытайларға орыс тілінен сабақ берген деген дерек бар. Бұл мекемеге мәлімет сұрап екі рет хат жаздым, әскери мектеп болған соң жауап келмеді. Дәл осындай бірнеше болжамдар бар. Оларды толыққанды қарап, түбіне жете тексергендері туралы айта алмаймыз. Бәлкім, тегі өзгертіліп келді. Зиялылардың бірі болуы мүмкін деген нұсқаны да қарастырамыз. Бәрі де мүмкін”, – дейді Иришев.

Алланың “графинья” деген атағы болған

Алланың “графинья” деген атағы болған екен. Яғни бірінші күйеуі граф болған. Оның екі ұлы бар, зерттеушілер тобы бір ұлын әлеуметтік желі арқылы тауып, байланысқа шыққан.

“Алла қазақтардан шыққан графинья. Зерттеуге көмектесіп жүрген қыздар бастапқыда ұлына екі рет хат жазса да, ұлы екеуіне де жауап берген жоқ. Тек смайлик жіберген. Содан кейін біз Алланың зиратын іздеп, тауып алдық. Ертеңіне ұлынан бізге хат түсті. Шешесінің аруағы нұсқады деп топшылаймыз. Тура бір аптадан соң мейрамханада кездесіп, әңгімелестік. Бізді көріп қатты таңғалды. Кейін анасының жолымен келіп отырғанымызды түсінді. Маркпен қарым-қатынасымыз әлі де жақсы, кездесіп тұрамыз.  

Кейбіреулер қазаққа ұқсастық іздеп тұрады. Оның қазақтарға айнымай тартқан бір әдеті бар. Кездесулерге кешігіп жүреді. “Сен себеп айтпа, біз білеміз. Сен қазақсың ғой”, деп айтамын. Марк күліп қояды. Өзі французша сөйлейді, шамалы орысша біледі”, – дейді Берлин Иришев.

Сөзінше, осындай тарихи деректерді табуда, адамдармен байланысқа шығып, сөйлесуде дипломатиялық қызметтегі тәжірибесі қолғабыс еткен.

"Әрине, әр нәрседе тәжірибенің көп көмегі тиеді. Диордың президенті Сидни Толеданомен кездесіп, сөйлескен фотосуретіміз бар. Ондағы басты мақсат – Dior-дың Қазақстанда дүкенін ашу болатын. Бұл шамамен 2000-2001 жылдар. Кейін біреу келіп сөйлесіп, солар дүкен ашқан екен. Қазақстандағы Dior дүкенінің ашылуына да қатысым бар десем болады”, – дейді дипломат.

Алла Елшін өте жан-жақты адам болған. Және де соғыс кезінде адамдарға көмек көрсеткен деген деректер бар.

"Бұл туралы мәліметтер көп болғанымен, бірақ құжат негізінде көзіміз жетпейді. Соғыс уақытында немістерге қарсы шыққан құрамның ішінде Мәскеудің композиторы Скрябиннің қызымен бірге болған деген дерек бар. Скрябиннің қызын немістер атып тастаған. Немістерге қарсы шыққан құрамның ішінде болғаны туралы мақалалар шыққан, дегенмен нақты бұл іске көзіміз жетпейді”, – дейді Иришев бұл жайлы.

Қазақ қызы туралы кітап қазақ тілінде жоқ

Ал Қазақстанда қазақ сәнбикесі Алла Елшін жайлы екі кітап жарыққа шықты. Деректі фильм мен кітапты шығаруға Иришев толықтай өз қалтасындағы қаражатын салғанын айтады.

“Бірінші кітапты 2019 жылы Досым Сатбаев шығарды, бірақ бұл кітап қазір сатылымда қалмады. Екіншісі –  2021 жылдың басы Мәскеуде шықты. Өте сәтті, жақсы шығарылым болды. Бұл кітап та сатылымда жоқ, бітті деп естідім. Мәскеуде де, Қазақстанда да жоқ. Қазіргі таңда маған жазып осы кітапты сұрап жататындар көп. Ал французша шыққан кітап қазіргі таңда таратылып жатыр, ол Қазақстанда да бар. 

Енді шығарамын десе, үкімет өзі ойлансын. Осыдан бірер жыл бұрын министрлік астанадағы кітапхананың басшысына осы кітапты қазақ тілінде шығару туралы тапсырма берген болатын.  Шыққан жоқ, міне, мәселе қайда жатыр. Қазақтың қызы туралы кітап орысша, французша, қытайша, ағылшын тілінде шығады, ал қазақ тілінде әлі де жоқ”, – деп түйіндеді жоба авторы.

Талқылау